«Әбу Даби Плаза» дауы: Шетел мен отандық құрылысшыларға қандай жағдай жасалғаны тексеріліп жатыр
«Әбу Даби Плазадан» шыққан еңбек дауынан кейін шенеуніктер жұмысшылардың жаппай сауатын ашуға кіріспек. Министрлік Апта сайын түрлі құрылыс компаниялары мен өзге де жұмыс беруші мекемелерде кездесу өткізіп, Еңбек кодексін, еңбек шартын түсіндірмекші. Өйткені, жұмысқа қатысты дау-дамай көбіне азаматтардың сауатсыздығынан туады екен. Еңбек министрлігіндегілердің тың жоспары жайлы қазір тікелей эфирге шыққалы тұрған астаналық тілшімізден білейік.
Автор: Жәудір Оразхан
07.02.2018
Жәудір, қайырлы күн. Атқамінерлер ағарту жұмысын алдымен кімдерден бастамақ?
Астанадағы «Әбу Даби Плазадан» шыққан шудан кейін шенеуніктерге жұмысшылардың жаппай сауатын ашу керек деген ой келген сынды. Еңбек министрлігіндегілер егер азаматтардың көзі ашық болса, құрылыс алаңында мұндай дау тумас еді деп отыр. Сондықтан, атқамінерлер ең бірінші құрылыс компанияларын жинап, кездесулер өткізбек. Сөйтіп, әр адамға Еңбек кодексіндегі құқығын тәптіштеп түсіндірмекші. Вице-министр Нұржан Әлтаевтың айтуынша, азаматтар «Әбу Даби Плазаны» салып жақтан компанияларға жұмысқа қабылданар алдында «белгіленген уақыттың ішінде белгілі бір аумақтың құрылысын аяқтауы тиіс» деп жазылған құжатқа қол қойған екен. Жігіттер сол еңбек шартын мұқият оқымаған көрінеді.
Нұржан Әлтаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
-"Әбу Дабиге" азаматтар жұмысқа уақытша алынған болатын. Мәселен, сіз үй салып немесе пәтеріңізді жөндеп біткеннен кейін жұмысшылап босатылады ғой. Сондай уақытша кезінде шарт түзілген. Еңбек кодексінде 51-ші бабында егер уақытша алынатын болса, ешқандай өтемақы төнебейді.
Дегенмен, вице-министр азаматтарды бір түнде қуып шыққан жұмыс берушілерді де жақтап отырған жоқ. «Әбу Даби» дауына бүгін Мәжіліспен қоштасып, «Нұр Отандағы» қызметіне ресми түрде кіріскен экс-депутат Мәулен Әшімбаев та араласпақ. Билік партиясы төрағасының бірінші орынбасары далада қалған азаматтарға қайта жұмыс тауып беру мәселесімен айналысамыз деп отыр.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-Қазір енді 62 адам деп жатыр. Енді әріқарай көбеюі де мүмкін, мысалы жұмыстар аяқталғаннан кейін. Олар жұмыссыз қалмау үшін оларға басқа жұмысқа ұсынуымыз керек. Қазір осы мәселені әкімдікпен талқылап жатырмыз.
- «Әбу Даби Плазаны» салып жатқан шетелдік азаматтар мен отандық құрылысшыларға екі түрлі жағдай жасалған деген де ақпарат тарап еді. Еңбек министрлігі бұдан хабардар ма екен?
Вице-министр бұл мәселенің де тексеріліп жатқанын жеткізді. Бас прокуратураның қызметкерлері, еңбек инспекторлары мен партия өкілдері бірігіп, комиссия құрыпты. Егер құрылыс шетелдіктер мен отандық жұмысшыларды бөліп-жарғаны анықталса, құрылыс компаниялары қатаң жауапқа тартылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!