Талдықорғанда ашынған жүргізушілер жол белгілерінің қасақана алынып тасталғанын айтады
Талдықорғанда қоғамдық көлік жүргізушілері наразылық білдірді. Айтуларынша, оларға аялдамада аялдау қиындық тудыруда. Яғни көп жерде тоқтауға рұқсат етілген белгі жоқ. Соның кесірінен автобус жүргізушілері айыппұл арқалап, қыруар шығынға батып жатырмыз дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
07.02.2018
Тәжрибелі автобус жүргізушісі Василий Малахов қала көшелеріндегі аялдамаларды бес саусағындай біледі. Оның айтуынша, өзі жүретін бағыттағы 4 аялдамада «А» деген жол белгісі жоғалып кеткен. Соның кесірінен тығырыққа тірелдім дейді. Яғни тоқтамаса жолаушылар дау шығарады, ал аялдаса полицейлер айыппұл салады.
Василий Малахов, автобус жүргізушісі:
-Менің қолымдағы жол картасында аялдама деп көрсетілген. Картаны жол полициясы мен бағытты жасаушы мекеме бекіткен. Ал оны бізге автопарк берді. Бірақ осыны тәртіп сақшыларына түсіндіре алмай қойдым. Автопарк басшысы да өз басын алып қашады. Сонда біз не істеуіміз керек?!
Бұл жағдайдың жұртқа да қолайсыздық туғызатыны айтпаса да түсінікті. Өйткені асыққан адамдарды автобустар алмай кетіп жатыр. Сондықтан бұқара биліктен бұл мәселенің шешімін табуды талап етуде. Ал, шенеуніктердің даулы істен хабары бар болып шықты. Сөздеріне сенсек, жол белгілерінің жоғалып кетуіне газ құбырын жүргізген компания кінәлі. Яғни, құбыр тарту үшін жерді қопарғанда белгілер алынып тасталған.
Қуат Қаниет, Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Газ құбырын тарту кезіндегі белгілердің құлауына байланысты наурыз айынан бастап қалпына келтіру жұмыстары басталады. Негізінде қала бойынша бізде жауапты мекеме бар. Сол кісілер күнделікті бақылауда ұстап отыр.
Демек, автобус жүргізушілері мен тұрғындарға көктемге дейін қинала тұруларына тура келеді. Тек сол кезде ғана шаһардағы 282 жол белгілерін түгендеу ісі қолға алынбақ. Ал оған жұмсалатын қаржы газ құбырын тартқан мердігердің мойнына артылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!