Алматы облысында кішкентай баланы көлігімен қағып өлтірген жігіт сотталды
Алматы облысында жол апатынан қайтыс болған 5 жасар Шапағаттың ісіне нүкте қойылды. Талғар аудандық соты көлік тізгінінде болған Крис Габрелянды кінәлі деп, 2 жарым жыл жаза кесті.
07.02.2018
Қайғылы оқиға 2017 жылдың маусымында болған. Жол жиегінде келе жатқан баланы қатты жылдамдықпен жүйіткіген көлік қағады. Соққыдан Шапағат он метрге ұшып кеткен. Бірнеше жерден сүйектері сынып, басы оңбай жараланған жеткіншек ақыры 5 ай қиналып жатып, бақилық болды. Ал Шапағаттың өліміне кінәлі жігіт бостандықта тайрандап жүрсе, дәрігерлер балақайдың анықтамасына ол әткеншектен құлаған деп жазып беріпті. Сыйырқұмышақтанып бара жатқан іске Дау-дамайсыз бағдарламасындағы әріптестеріміз араласқаны сол еді, тергеу де басқаша жүріп шыға келген. Сөйтіп, жол ережесін сақтамай, кішкентай балақайдың өмірін қиған 19 жастағы Крис Габрелян кінәлі деп танылып отыр. Енді ол екі жарым жылын темір тордың арғы жағында өткізуі тиіс.
Асылхан Едресұлы, заңгер:
-Сәбидің өмірін алып кеткен қылмыскердің қолына кісен салынды. Екі жарым жыл беріп отыр. Одан артық бере алмайды. Іс барысында байқамаған қылмыс болып келгендіктен сот сондай шешім шығарып отыр. Енді біз қайғырған отбасына материалдық көмек көрсетуін талап етеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!