Депутат еліміздегі жекешелендіру науқанын шұғыл тоқтатуды талап етті
Айқын Қоңыров егер Үкімет мемлекеттік мекемелерді дәл қазіргі қарқынмен сатуды жалғастыра берсе, белшеден шығынға батады деп есептейді.
Автор: Жәудір Оразхан
07.02.2018
Мәжілісмен жекешелендіру бағдарламасы қабылданғанымен мемлекеттің экономикаға араласуы азайған жоқ деп отыр. Оның тиімділігі де байқалмайды. Қазір елімізде жекешелендірудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Төрт жылда 600 астам нысан сатылып, қазынаға 256 миллиард теңге түскен. Бұл 4 жылдық бюджет пайдасының бір-ақ пайызы екен. Депутаттың айтуынша, жаппай жекешелендіру қор нарығының дамуына да еш әсер етпеген. Осы уақытқа дейін ұлттық холдингтерге тиесілі 114 мекеме саудаланыпты. Оның 29-ы ғана аукцион арқылы жоғары бағаға сатылған. Қалғаны тиын-тебенге өтті дейді Қоңыров.
Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:
-Қазір мемлекеттік мекемелер түсініксіз жолмен сатылып жатыр. Мемлекет төрт жылда сатылған нысандардың пайдасын көрген жоқ. Ал азаматтар коммуналдық мекемелердің тағдырына алаңдаулы. Себебі, тарифтердің бағасы қымбаттауы мүмкін. Сондықтан жекешелендіру науқанын ескі ережемен жалғастырудың қажеті жоқ деп есептейміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!