Түрмеден құтылған Ерлан Біләл 52 миллион теңгені бір айдың ішінде төлеуі тиіс
Бостандықтың құны 52 млн 500 мың теңге! Бүгін Әуезов театрының атышулы директорына сот үкім кесті. Ерлан Біләл қаңтардың басында 1 жарым миллион теңге парамен ұсталған болатын. Енді сол алғанын 35 есе қып айыппұл ретінде қайтаруы тиіс. Негізі прокурорлар кеше 90 млн айыппұл сұрағанда, Біләлдің өзі мұны көп деп, соттан жыламсырап тұрып оны азайтуды өтінген. Судья актердің өтінішін жерде қалдырғысы келмесе керек. Дегенмен, ол үшін енді театрдың есігі тарс жабылды. Яғни бұдан былай мемлекеттік қызметке өмір бойы жолауға құқы жоқ.
Автор: Аруна Ортай
07.02.2018
Бұл оқиғаның соңы Біләл үшін оңайға соқпағаны рас. Өйткені, оны басшылық қызметке дейін жеткізген беделі бір-ақ күнде түсіп, басына да қаржылық қиындықтар да әкелді. Ал сот уақытты созбай, бірден үкімді оқуға кірісті. Оған сәйкес, атақты актер кісен орнына, қыруар айыппұл арқалады. Бір жарым миллион теңге пара алған Біләл оны 35 есе, яғни 52 млн 500 мың теңге етіп қайтаруы тиіс.
Бұған дейін бостандығынан айырмауды сұраған Біләл мұншама соманы төлей алмайтынын да айтқан. Судья осыны ескерсе керек. Енді Біләлдің 52 млнды төлеуге бір ай ғана уақыты бар. Үлгермесе үкім түрме жазасына ауысатынын судья ескертті. Сондай-ақ 20 театрда тер төгіп алған «Құрмет» және «Айбын» ордендендері сияқты мемлекеттік наградаларының тағдырын президент шешпек. Сот бүгін Елбасының атына Біләлді бар атағынан айыруды сұрап өтініш жіберді.
Ерлан Біләл
-Алтыным, мен ауырып тұрмын!
Үкімнен соң театрдың экс-басшысы ауырып шықты. Тілшілермен сыпайы қоштасып, көлігіне асығыс мініп кетті. Жалпы жемқорларды абақтыға жаппай, осылай алғанын еселеп қайтарту әдісін судьялар біраздан бері қолданып жүр. Бұл жолы да Біләлдің кінәсін бірден мойындап, тергеуге көмектесуі ескеріліпті. Әрі, әртістің кәмелетке толмаған екі бала тәрбиелеп отырғаны да сеп болған. Айта кетсек, парамен ұсталғанда Ерлан Біләл кінәсін бірден мойындап, қолхатпен бостандыққа жіберілген болатын. Ал қомақты соманы ол балалардың жаңажылдық кешін ұйымдастырушылардан алған. Әйгілі «Сезам» театрының басшысы залды жалға алу үшін «әкем театрдағы» әріптесіне бақандай 1 жарым миллион теңге ауызбастырық беріпті.
Біләл сол ақшаның екінші жартысын, яғни 900 мың теңгені алып жатқанда ұсталды. Енді жемқор атанған экс-директорға театрдың есігі жабылды десе болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!