Астанада ұшынып ауруханаға түскен балабақша тәрбиеленушілеріне диагноз қойылды
Астанада жаппай астан ұшынып ауруханаға түскен он шақты балабақша бүлдіршініне алдын ала диагноз қойылды.
Автор: Жәудір Оразхан
08.02.2018
Ақ халаттылардың айтуынша, кішкентайлар ішек инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін. Қазір №36 мектепке дейінгі мекеменің 3 бүлдіршіні мен олардың тәрбиешілері ем алып жатыр. Қалған 6 бала медициналық тексерістен соң үйіне жіберіліпті. Барлығының ауру белгісі бір: дене қызуы жоғарылап өздерін әлсіз сезінген.
Астанадағы №36 балабақшада қазір абыр-сабыр. Басшылары келген комиссиямен зыр жүгіріп жүр. Санитарлық дәрігерлер, әкімдік қызметкерлері мен полицейлер де осында. Мамандар мектепке дейінгі мекеменің әр бұрышын жіті тексеріп жүр. Бақшаның еден, қабырғасынан, бүлдіршіндер тұтынған заттар мен ыдыс-аяқ, азық-түліктен сынама алынып, зертханаға жіберілген.
Гүлнар Бектұрғанова, Астана қаласы Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:
-Ата-аналардың шағымы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Балалар арасында арудың қайдан шыққанын анықтаймыз. Ойыншықтар мен азық-түліктің сынамасын алдық. Тәрбиешілерді, жалпы балабақшаның ғимаратын да тексеріп жатырмыз.
Ал дәрігерлер мазасызданып, жаппай ауруханаға түскен балаларға ем-дом жасауда. Бүгін еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бүлдіршіндерге суық тиген және асқазаны сыр берген деп хабарлады. Ал балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағылар кішкентайлардан ішек инфекциясы анықталды деп отыр. Індеттің қайдан келгені әзірге беймәлім.
Ольга Пушкарева, Астана қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-Бір тәулікте 6-ы бала жедел жәрдеммен келді. Үшеуі ауруханада жатыр. Вирустық инфекцияның белгілері бар. Балалардың дене қызуы жоғары болды және жүрегі айнып, құсады. Ішек инфекциясын жұқтырған деген де диагноз қойып отырмыз.
Яғни, денсаулығы сыр берген 6-ы баланың үшеуі ақ халаттылардың тікелей бақылауында да, 3-уін дәрігерлер үйге жіберген. Бүлдіршіндермен бірге олардың тәрбиешісі де жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.
-Балаларға індетті қалай жұқтырғаны апта соңында белгілі болады. Мамандар мектепке дейінгі мекемеден алынған сынамаларды үш күн зерттейміз дейді. Аурумен аты шыққан балабақша жұмысын тоқтатқан жоқ. Тек инфекция тараған топта ғана карантин жарияланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!