Жанайқай: Алматылық қыз ұзақ күткен протезімен жүре алмай қиналып қалды
Жанға бататын протез! Бір аяғы жоқ алматылық жарымжан қыз тегін берілген жасанды дене мүшесінен қорлық көруде. Екінші топтағы мүгедектің ұзақ уақыт күткен протезі ыңғайсыз болып шыққан. Біріншіден, ол тым ауыр. Сондықтан, онсыз да тағдыр тауқыметін тартқан қыздың омыртқасына зақым келтіруде. Әрі темір аяқты киіп-шешу де қиямет-қайым. Енді Нәдира Аухадиева сол жайсыз протезге 3 жыл бойы шыдауы керек екен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
08.02.2018
Нәдираны кемтар еткен жаман ауру. 4 жыл бұрын оң жақ аяғынан қатерлі ісік анықталып, соңы былтыр оны кесумен аяқталыпты. Ал, мамырда мүгедектік туралы құжаты қолына тиген. Тағдырдың сынағына көнбеске амал жоқ. Осылай деген науқас бірден тегін протезге кезекке тұрады. Оны жауаптылар «қаржыландыру жоқтығын» желеу етіп, созбақтаған. Сөйтіп, қарашада ғана беріпті. Бірақ, онысы аяқ орнына аяқ емес, азап болып шықты.
Нәдира Аухадиева, 2-ші топтағы мүгедек:
- Өте ыңғайсыз ол протез. Жүруге ауыр. Салмағы өте ауыр болғандықтан мен салмақ көбіне мына бел омыртқама түседі. Ұзақ уақыт жүре алмаймын көтеріп.
Расымен, протездің ауырлығы 8-9 келідей болады. Әрі оны киіп-шешу де оңай емес. Ал, бүгілуі, әлсіз Нәдира үшін тіпті қиын. Сондықтан, қазір науқасқа жасанды аяқсыз жүрген жеңілірек болып тұр. Жанына кемтарлығы емес, протезі батқан қыз үйде оған үйренуге де тырысып бағуда. Өйткені, темір аяқтың жайлысын оған ешкім бермек емес. 3 жыл бойы осыны қанағат тұтуы керек екен.
Нәдира Аухадиева, ІІ топтағы мүгедек:
- Ол кісі айтты: мына протез саған 3 жылға берілген, 3 жылдан кейін ғана сен оны ауыстыра аласың. Қазір осымен жүріп үйренуің керек деді.
Тегін протездің сапасыз екенін айтып, шағымданатын Нәдираның тағдырластары да аз емес.
- Мүгедектерге тегін берілетін жасанды дене мүшелері дәл осы жерде жиналады. Республикалық протез орталығы жылына 3 мыңдай жанға мынадай қол мен аяқ сыйлайды. Олар темір, алюминий сияқты металдар мен пластиктен жасалады. Әрі біреуін дайындап шығару үшін кемі 3 күндей уақыт қажет.
Орталық мамандары бұл жерде жиналатын жасанды қол-аяқтың сапасы жоғары деп есептейді. Тіпті, протезді дұрыс қолдана алмайтын мүгедектердің өздерін айыптады.
Николай Петров, «Республикалық протез-ортопедиялық орталығы» АҚ президенті:
- Біздің протездердің сапасы өте жоғары. Оны мүгедектер тексеріп алады. Дәрігерлер де бәрін қарайды. Былтыр жасанды қол-аяқтың ыңғайсыз екенін айтып шағымданғандар болды. Бірақ, тексере келе бізден еш кінә жоғы анықталды. Көбіне өздері протезді сындырып алады.
Ал, Нәдираның протезін тағы бір тексеріп көрмек. Оның, расымен, ыңғайсыз екені анықталса, олқылықты жоямыз деп сендірді. Десе де, тегін аяқтан көңілі қалған қыз қазір әлеуметтік желіде ақша жинап жатыр. Сөйтіп, Германияның велосипед тебуге дейін мүмкіндік беретін протезін алғысы келеді. Оның құны 70 мың еуро. Ал, күні бір жәрдемақыға қараған мүгедекте мұндай қаржының жоқ екені белгілі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!