Жаркентте саудагерлер әкімнің шешіміне қарсы шықты
Тұсалған сауда. Шарасыз кәсіпкер. Жаркентте жүзге жуық саудагер екі аптадан бері базарға шыға алмай отыр. Он жылға жуық жан баққан жерлерін жаңадан келген әкім жауып, шаһардың бас жоспарына сай қайтадан көшеге айналдырған. Бірақ, бұл өзгерісті базардағылардың түсінгісі жоқ. Жаңа сауда орталығы ашылғанша бұрынғы жерлерінде қалуды талап етіп отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.02.2018
Екі ай бұрын қызметіне кіріскен жаңа әкімнің жаңалығы базардағылардың төбесіне жай түсіргендей болды. Он жылдан бері саудаларын дөңгелеткен жол жиегіндегі орындарынан қуып, көшені таксистер тұрағына айналдырған көрінеді. Басшылықтың бұл бастамасына тағар мін жоқ. Өйткені, бас жоспар бойынша мұнда базар орны қарастырылмаған. Бірақ, шарасыз жұрт енді қайтып күн көреміз деп шыр-пыр.
Шолпан Әбдіқалықова, саудагер:
-Осы жерде тұрайық. Біздің мойынымызда екі кредит. Бала-шағамызды оқытамыз. Студент. Пәтер бар. Отын-көмір күннің суығы. Отын алатын да ақшамыз да жоқ. Уже он күн болды тентіреп жүргенімізге.
Әкімдік жаңа сауда орны ашылғанша, төбесі жабық мына базарды паналай тұруды ұсынған. Бірақ, іші даладан суық азынаған жерде сатушылардың тұрғысы жоқ. Мұндағылардың өзі өлместің күнін кешіп жатыр.
Майгүл Қасымқұлова, сатушы:
- Шығып жатырмыз базарға. Шықпасақ, біздің баламызды кім бағады? Амал жоқ шығып жатырмыз. Саудамыз жоқ. Тұрмыз. Кірмейді.
Орталықтағы шуды естіген шаһар әкімі сатушыларды тыныштандырып, жағдайды жиналғандарға түсіндіру үшін келген. Бірақ, он жыл бойы тұрған базарды бір-ақ күнде құрту туралы шешімнің неге дәл биыл шыққанын ұғындыра алмады. Базардағылардың базынасын тыңдауға Панфилов ауданының басшысы да келді. Болған жайға көңілі толмайтындардың айқайы айналаны азан- қазанға айналдырды. Тіпті, шенеуніктің өзі ашуға булығып кетті. Саудагерлердің бар талабы жаңа базар ашылғанша далада бұрынғыдай саудаларын жүргізу. Әкімдік бұл талаптарын ойластырамыз деп тарқасты.
Қыстың сызы кетпей бұл керістің нүктесі қойылмайтын түрі бар. Әкімдік жазда шаһардың шығыс бөлігінде жаңа базар ашылады деп сендіріп отыр. Осылайша көшедегі жабайы сауданың тамырына балта шабылады деген пікірде. Ал, оған дейін саудагерлерге көңілдері қаламаған мына базарда тұруларына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!