Шымкентте әлімжеттіке шыдамаған 11-сынып оқушысы асылып өлді
Ерсұлтан Ахметовтің өзіне қол салуына мектептегі әлімжеттік себеп болыпты. Марқұмның ата-анасы ұлының соңғы кезде үйінен жиі ақша сұрайтынын айтады. Олардың сөзінше мектептегі ақша сұратқыш сотқарлар Ерсұлтанға «арызқой» деп айдар да таққан екен. Екі апта бұрын ғана басқа сыныпқа ауыстырылған бозбала сенбі күні болатын тестілеуге ақшасы болмай үйіне қайтарылған. Көңіл-күйсіз келген Ерсұлтан моншаның артында асылып қалыпты. Ал, оның жақындары баласы өлген соң ғана Ерсұлтанға ұзақ уақыт бойы қатарластарынан қорлық көріп келгенін біліпті.
Автор: Бек Әбиев
12.02.2018
Ерсұлтанның жақындары қайғыдан қан жұтты. 16 жастағы жасөспірім сенбі күні болатын ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына ақша таппай мектептен көңіл күйсіз келген. Анасына шәй дайындауын өтініп, өзі отын жаруға аулаға шығыпты. Ұлы ұзақ уақыт үйге кірмеген соң артынан шыққан анасы оны монша артында асылып тұрғанын көрген.Жақындары полиция шақырып, қалтасын ақтарғанда оның қымбат телефонының орнына арзаны шығыпты. Туыстары смартфонын сотқарлар алып қойғанына сенімді. Онымен қоймай мектептегі бұзақылар ақша да жинатады екен. Үйінен әрдайым ақша сұрап, кейде таяқ жеп келетін айтқан жақындары марқұмның қалтасынан бірнеше жігіттің аты жазылып, бірнеше мәрте жыртылған қағаз да алып шыққан.
Фатима Ақылбекова, Ерсұлтанның анасы:
-Мектепте 11 класс ақша жияды екен. Капитан ба, командир ма деймін, мафиясы бар екен. 3 мың теңгені сол күні апармасаң 100 теңгеден процент қосады екен. Менің баламдікі 15 мың теңге болыпты. 15 мың теңгені әкелмесең мен сені атып өлтірем депті. Балама пышақ тақапты.
Ерсұлтан екі апта бұрын ғана өзі 5 жылдан бері оқып жүрген А сыныбынан В сыныбына өтініш айтып ауысқан екен. Марқұмның әке-шешесі сыныптастары тарапынан әбден қорлық көрген соң ауысты дейді. Тіпті, қатарластары оған арызқой деген лақап ат қойған дейді. Ал, соңғы сыныбындағы оқушылар соңғы мәрте көргенде Ерсұлтанның жайдары жүргенін айтады.
Дмитрий Шмельков, Ерсұлтанның сыныптасы:
-Жұма күні ол азанда келді. Кәдімгідей әзілқой, ойнап-күліп, сөйтіп жүрдік. Ешқандай өзге. Кәдімгідей көңілді еді.
Марқұм оқушының туыстары Ерсұлтанның мектебінде өзіне қол салып жатқан жалғыз оқиға бұл емес екенін айтқан. Олардың сөзінше бірер айдың өзінде асылып өлген 3-ші жағдай екен. Бірақ, 83-ші мектептің басшылары болса мұның бәрін жоққа шығарады.
Берікбай Михеев, №83 мектептің директоры:
Айта алам, ашық айта алам біздің мектепте әлімжеттік фактілері орын алмаған. Ондай болған емес. Биылғы жылы оның үстіне қазір тек қана балдарымыз 11 класс бітірушілердің барлығы тек жаңағы ҰБТ-ға дайындықпен айналысып жатыр. Ал, ондай оқиғалар орын алып, ондай фактілер болған емес бізде.
Марқұмның ата-анасынан арыз алып, мектепті де тексеріп жатқан полицейлер бірнеше оқушыны да түсінік алуға шақыртқан. Әзірге бұл жәйт бойынша қылмыстық іс те қозғалмапты. Сараптамалар тағайындалып, тексерудің қортындысы бойынша ғана шешім қабылданады деп отыр. Егер, мектеп бұзақылары Ерсұлтанды өзіне қол салуға итермелегені расталса онда тентегіміз жоқ деген мектептің абыройы айрандай төгілетіні анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!