Ресейде АН-148 ұшақтарының көкке көтерілуіне тыйым салынды
Ресейде ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында бір қазақ болған. Мәскеуден-Орск қаласына бағыт алған АН-148 кеше кешке құлап, жарылған болатын. Борттағы 65 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі түгел көз жұмған еді. Ажал құшқандардың арасында балалар да бар. Қазір дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған Ресейдің тергеу комитеті апат себебін анықтауға кірісті. Бірақ оның ұзаққа созылатыны анық. Болжам бойынша, ұшақтың қозғалтқышынан от шыққан болуы мүмкін.
Автор: Досжан Маратұлы
12.02.2018
Бұл ұшақ құлаған Мәскеу түбіндегі Раменск ауданы. Апат аумағы әуеден анық көрінеді. Қаптаған құтқарушылар мен криминалистер Ан-148 дің қирандылары мен марқұмдардың денесін әлі іздестіруде. Ал, оқиға орнында арнайы штаб құрылған.
ВЛАДИМИР ПУЧКОВ, РФ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
-Ұшақ құлаған жерде құтқару іздеу жұмыстарын бір апта бойы жүргіземіз. Өйткені, апат аумағы тым үлкен. Қирандылар радиусы бір шақырым жерге дейін шашылған. Әрі қалың қар жұмысымызға кедергі келтіруде. Дәл қазір 300-ден астам ұшақ бөлшегі табылды. Ал, 10-ға жуық марқұмды әлі іздеп жатырмыз.
Мәскеу-Орск бағытындағы Ан-148 кеше кешке Домодедово әуежайынан ұшып шыққан. Бірақ, әуеге көтерілген соң төрт минуттан кейін радардан жоғалып, Мәскеу шетіне құлаған еді. Жарылыстың қатты болғаны сонша, әуе кемесіндегі 65 жолаушы мен 6-ы экипаж мүшесі түгел қаза тапқан болатын.
Ал, бұл «Саратов әуе жолдары» компаниясына тиесілі сол ұшақтың құлаған сәті. Маңайдағы үйлердің бірінің камерасына түсіп қалған. Болжам бойынша, лайнердің қозғалтқышы істен шығып, ұшақ тұмсығымен жерге соғылып жарылған. Ал, апаттан ажал құшқандардың көбі ресейліктер. Тек, үш жолаушы ғана Швейцария мен Әзірбайжан азаматтары.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
-Болжам бойынша қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Ресейдегі дипломаттарымыз жергілікті органдармен байланыс орнатып, жағдайды бақылап отыр.
Қайтыс болғандардың қатырында жерлестеріміз жоқ болғанымен, Ресейдің Орск қаласында тұрған ұлты қазақ жігіт бар. 32 жастағы Темірлан Ақназаров Мәскеуден үйіне бара жатқан екен. Жалпы, көз жұмғандардың басым бөлігі Орынбор облысының тумалары. Сол үшін бүгін онда апаттан қаза тапқандарды аза тұту күні жарияланған. Алматылықтар да Ресейдің бас консулдығы алдына гүл шоқтарын қалдыруда. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айту жедел хатын жолдады.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
-Қаза болғандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын.
Мәліміттерге қарағанда жарылған АН-148 ұшағы 2010 жылы шығарылыпты. Жақында техникалық тексеруден өтіп, ешқандай ақау табылмаған. Ал, тізгінде 51 жастағы кәсіби пилот болған екен. Қасындағы серігі де өз ісінің маманы дейді әуе компаниясындағылар. Ал, тергеу комитеті дерек бойынша қылмыстық іс қозғап қойған. Ан-148-дің «қара жәшігі» де алынып сараптамаға жіберіліпті. Енді 71 адамды ажал құштырған апатқа нақты не себеп болғанын анықтауға жәшіктегі жазба көмектесуі тиіс. Ал, қайғылы жағдай соң Ресейде АН-148-дердің ұшуына уақытша тиым салынды.
-Кейбір ресейлік басылымдар ұшақта бір Қазақстан азаматының болғанын айтуда. Бірақ, бұл ақпаратты отандық дипломаттар растаған жоқ, не жоққа да шығармады. Тек Сыртқы Істер министрлігі бұл мәліметтің тексеріліп жатқанын айтты. Ал, мұндай ұшақ апаты қайталанбас үшін бүгін еліміздің Бас прокуроры әуе кемелерінің техникалық жағдайын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!