КТК еліміздің басты арнайы құрылымы туралы бүкіл шындықты көрсетпек
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен экстремистік ұйымдардың текетіресі туралы тұңғыш отандық сериал көрерменге наурызда жол тартады. Елдегі тыныштық пен бейбітшілік үшін арнайы қызмет офицерлері жақын адамдарын құрбан етуге дейін мәжбүр болады. Қазақстанға төнген үлкен қауіпті «Красный уровень» туындысы шынайы көрсетеді. Фильм ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен, әрі «STRANA media team» продакшн-орталығымен бірлесе түсірілген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.02.2018
Террористік ұйым мүшелері Қазақстанда белсенді әрекет етуге кіріскен. Ұлттық қауіпсіздік қызметі де қол қусырып отырған жоқ. Олар содырлармен күреске мықтап кірісті. Қызметкерлер ел қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін қатерге тікті. Аса қауіпті жағдайда жұмыс істеді. Әркез атыс-шабыс пен төбелес ортасында жүрулеріне тура келді. Осының бәрі жаңа фильмде шынайы көрсетіледі.Бұл сериалды түсіру үшін танымал режиссер Валерий Мызников арнайы шақырылған. Оның бұған дейінгі еңбек жолы, әсіресе, атышулы «Глухарь» мен «Знаки судьбы» сериалдары көрерменге жақсы таныс. Ол бұл жолы актерлерді мұқият таңдаған. Ал, кастингке 600-ге тарта адам қатысыпты.
- Если они переоделись, можно их сюда подтягивать на репетицию.
Туындының басты кейіпкері - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісі Ернар Есенгелдиев. Оны белгілі актер Берік Айтжанов сомдайды. Кейіпкер өмірде түрлі қиындықтарға тап болады. Әрі кедергілер тек қызметке байланысты бола бермейді.
Берік Айтжанов, актер:
- Кейіпкерім түрлі қиындықтарға кезігеді. Отбасылық, тұрмыстық мәселелері бар. Әрі қызмет бабында да қайғылы жағдайлар болып жатады. Бұған қарамастан, ол алға ұмтылады.
Түсірілім Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысында күні-түні өткен. Сериалдың әр эпизоды шытырманға толы. Сценаристер мұның бәрі көрерменнің қызығушылығын оятады деген үмітте. Түсірілімді ақпарат министрі Дәурен Абаевтың өзі де жіті бақылаған.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Ақпарат және коммуникациялар министрлігі КТК арнасымен бірлесіп осы ауқымды жобаны түсіріп жатыр. Менің ойымша, ол қазақстандықтар үшін өте қызықты болады. Өйткені, туынды біздің басымызға түскен мәселені қозғайды. Фильм сәтті шығады деген ойдамын.
Біз атышулы арнайы операциялар мен тұтқындаулар туралы жиі естиміз. Десе де, қарапайым халық еліміздің басты құрылымы туралы көп біле бермейді. Бетперде киген адамдар кімдер? Олар нені уайымдайды? Ал, оңаша қалғанда ойлайтындары не? Бұл сұрақтардың жауабын осы фильмнен табуға болады.
Валерий Мызников, режиссер:
- Фильм кез-келген көрерменді баурап алады.Неге? Өйткені, ол бірінші, кезекте адам және оның тағдыры туралы. Кейіпкерлердің өміріндегі қиын кезеңдер жұртты қызықтырады. Өйткені, бізде атыс-шабыс бар. Мелодрама да осында. Түрлі бағыттарды қамтыдық.
Ендеше, шытырман оқиғаға толы «Красный уровень» сериалы КТК арнасынан наурызда көрсетіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!