Алматыда жүздеген тәрбиеші далада қалғалы тұр
Бала тәрбиесінен ақша маңыздырақ. Алматыдағы балабақшаның 140 тәрбиеленушісі далада қалайын деп тұр. Он жылға жуық жекенің иелігінде болған аумақ былтыр мемлекет балансына өткен. Қалалық қаржы басқармасы енді екі гектар жерді тендерге салмақ. Осылайша, ай сайын кемі 2 млн теңгеге балабақша ғимаратын жалға беру арқылы қазына қаржысын толтырмақ. Бірақ,ата-ана мен бүлдіршіндерге алаңдап отырған олар жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
13.02.2018
Әуежай жанындағы бұл балабақша соңғы 14 жылдан бері түтінін түзу түтетіп келді. Әуелі әуежайдың, кейін жекенің қолына өтті. Ал, 2016 жылы мемлекет балансына берілсін деген шешім шыққан. Балабақша басшылығы «ғимаратты босатсын » деген қаңтардағы соттың шешімі төбемізге жай түскендей болды дейді. Ол аздай, арызданған қаржы басқармасы бір жылғы жалға алу құны ретінде 19 млн теңге төлеулерін талап еткен.
Ләззат Сматова, балабақша директоры:
-Олар бізді қыркүйектің соңында мәжбүрлі түрде ғимаратты босатсын деп сотқа береді. Аумақ мемлекет балансына өткен 2016 жылдан бүгінге дейін әр айға бір жарым млн теңге берешекпіз дейді. Бұл ешқандай қисынға келмейді ғой. Мемлекеттік жеке әріптестік арқылы келісімге отыруды сұрағанбыз. Бірақ, оған жауап бермей отыр.
Сүреңсіз хабар ата-аналарды да сары уайымға салды. Тұратын аумақтарына жақын балабақша жалғыз осы. Ал, одан қол үзсе балаларын қайда береміз деп бастары қатқан.
Нұрсұлу Төлешева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Осы балабақшаның жабылуына қарсымын. Екі баламды басқа апаратын жер жоқ. Қазіргі таңда бәрімізге мәлім балабақша тапшылығы. Сондықтан маған балаларымды орналастыру оңайға тиген жоқ.
-Балабақшаның аумағы үлкен. Жазда жапсарлас, қаңырап тұрған мына бос ғимаратқа толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3337 Енді қосымша 140 бүлдіршінді осында орналастыруға болады. Бірақ, ғимаратты тартып алатын болса төгілген тер, құйылған ақша мен еңбек еш кетейін деп тұр.
Қалалық қаржы басқармасына балалардың тағдырынан гөрі, тендерде бұл жерге кімнің көп ақша ұсынатыны маңызды. Заңды қалқан етіп, зар илеп еңіресе де қатқан қағидаларынан қайтпаймыз деп тұр.
Рүстем Әлиев, Алматы қаласы Қаржы басқармасы басшысының орынбасары:
-Тендер арқылы бергенде кім ең үлкен бағаны береді сол ұтады. 3 млн, 5 млн да болуы мүмкін. Өйткені, біз бюджетті жинақтауға тырысамыз. Сондықтан, бұл біз шығарған емес. Оған да ереже бар.
Балабақша басшылығының қақпаған есігі, хат жазбаған мекемесі қалмаған. Бірақ, әзірге араша түсіп, жағдайдың тігісін жатқызуға кіріскендері жоқ. Олардың бар үміттері білім басқармасында болып тұр. Егер де мемлекеттік жеке әріптестік бойынша келісім жасауға мұрындық болса, өз орындарында қалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!