Астанада қымбат көлігімен бірнеше адамды басып өлтіре жаздаған шенеунік сотта кешірім сұрады
Астанада адам қаққан Статистика комитетінің лауазымды қызметкеріне қатысты сот басталды. Болат Молдағалиев былтыр Есілдің сол жағалауында жас қызды қымбат Infiniti көлігімен басып өткен еді. Кейін атқамінер эпилепсиямен ауырғанын айтып, ақталуға тырысқан. Бірақ, мұның рас өтірігі сот барысында анықталуы тиіс. Ал мүгедек болып қалған қыздың әкесі болса, жүргізушінің жазаланауын талап етуде.
Автор: Досжан Маратұлы
13.02.2018
Адам қағып, шатылып жатқан қымбат қара инфинитидің иесі Болат Молдағалиев осы. Статистика комитетінің бөлім басшысына «жол апатын жасап,адам денсаулығына зиян келтірді» және «оқиға орнынан қашып кетті» деген баптар бойынша айып тағылған. Лауазымды шенеунік ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып, сотқа үйінен келіп жүр.
- Материалдармен таныстыңыз ба?
-Иә
Судьяға қобалжып жауап беріп тұрған азамат жантүршігерлік жол апатын ірі сауда орталығының жанында үш ай бұрын жасаған еді. Бейнебақылау камерасына түсірілген мына видеода Болат Молдағалиевтың жаяу жүргіншілер жолына түсіп, тоқтамастан 3 адамды басып өткені анық көрінеді. Екі бойжеткен жеңіл жарақатпен құтылса, үшіншісі ес-түссіз ауруханаға жеткізілген болатын. Ауыр жараланып, төсекке таңылған 24 жастағы Әсел Рымханова қазір емін үйінде жалғастыруда.
НҰРЛАН РЫМХАНОВ, Ә.РЫМХАНОВАНЫҢ ӘКЕСІ:
-Бір айда бес операция деген қиын ғой. Содан өз-өзіне келген соң операция десе қашады қазір. Қорқады. Қазір қан қысымы түсіп, қаны дұрыс жүрмей жатыр. Қазір емдеуге де болмайды екен. Ине терапия мен массажын алып жатыр. Содан кейін иығына жамбасына бәріне салған темірді бір жылдан кейін қайта алады екен. Көк бауырын бәрін алып тастаған.
Ал, крассовердің тізгінінде болған 38 жастағы азаматтың өзі жол апатына эпилепсия ауруы себеп болғанын айтып ақталып отыр. Айтуынша, талмасы ұстап, рөлге ие бола алмай қалған. Әрі оқиға орнынан із суытқан жоқпын дейді. Есінен танған соң, өзіне көмек керек болып, ауруханаға жеткізілген.
БОЛАТ МОЛДАҒАЛИЕВ, АЙЫПТАЛУШЫ:
-Әселден және өзге зардап шеккен жандардан тағы кешірім сұраймын. Олардың алдында кінәмді мойындаймын. Соған сай жаза алуға дайынмын. Бірақ, тергеушілер айтқандай оқиға орнынан ешқайда қашқан жоқпын. Дәлелім бар.
Көлігінің астында қалған қыздан кешірім сұраған Молдағалиев өзге ештеңені ашып айтпады. Айта кетерлігі ол бұған дейін де range rover-дің тізгініне ие бола алмай тура Министрліктер үйіне соғылған. Ал, атышулы жол апатының алғашқы сот процесі ұзаққа созылған жоқ. Судья тараптармен танысып, арыз-талаптарын ғана тыңдады.
-Енді адам қаққан кезде сау болған Молдағалиевтың рөлде талмасы ұстады ма жоқ па сот барысында анықталуы тиіс. Әрі эпилепсиямен ауырған болса, заң бойынша оған жүргізуші куәлігі де берілмеу керек еді. Сондықтан оның құжатты қалай алғаны да жақында белгілі болады.
Ал, Әсел Рымханованың әкесі қызымды мүгедек қылған жүргізушіні кешірмеймін дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!