"Шаршаған" Дүйсенованың орнына келген Мәдина Әбілқасымованың жоспары қандай?
Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар үшін арнайы заң жазылады. Су жаңа Еңбек министрі 3 миллионға жуық адамның кәсібін ресми тіркеудің тиімді жолын біледі екен. Әбілқасымова Дүйсенова игере алмаған мәселелерді шұғыл шешіп, көзге түсуге кіріскендей. Министр ретінде тілшілерге алғаш рет сұқбат берген Мәдина Әбілқасымова бір жылдық жоспарларымен бөлісті.
Автор: Жәудір Оразхан
13.02.2018
-Мәдина Әбілқасымованың қарқыны күшті. Еңбек министрлігін тізгіндегеніне небары төрт күн болса да, біраз дүниені жоспарлап қойыпты. Су жаңа министр ең алдымен өзін-өзі белгісіз жұмыспен қамтып жүргендерді ресми түрде тіркеп, оларға қалай да мемлекетке салық төлетпек.
Әбілқасымованың бірінші кезекте бұл мәселеге кірісуі де орынды. Өйткені, тағынан түсіп қалған Еңбек министрі Тамар Дүйсенова өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің кім екенін анықтай алмағаны үшін президенттен талай рет сөз естіп, соңында қызметінен кеткен еді.
Енді Әбілқасымова Дүйсенованың қателігін қайталағысы келмейтін сынды.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Елімізде 2-3 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр. Кәсібін еш жерде тіркемеген. Зейнетақы қорына, әлеуметтік жүйеге қатыспайды. Бұл мәселені шешу үшін жаңа заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Салықтық жеңілдіктер жасалады. Сонда оларды тіркеу оңай болады.
Яғни, министр өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерге бірқатар жеңілдік жасамақ. Мәселен, мемлекетке төлейтін салықты төмендетуі мүмкін. Сонда бүгінге дейін көлеңкелі іспен айналысып келгендер өз еркімен келіп, кәсібін тіркейді деп сенеді. Министрдің айтуынша, егер азаматтың айлық табысы 339 мың теңгеден аспаса, жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге тұрудың қажеті жоқ. Үкімет тек оның мәртебесі мен табысын анықтайды. Бұл міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру үшін қажет.
Сондай-ақ, министр түрлі еңбек дауын шешудің де жаңа ережесін бекітпек.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Мемлекет, жұмыс беруші мен жұмысшылар үш жылға өзара келісім жасады. Бұл жаңа ереже. Онда әркімнің құқығы нақты жазылған. Еңбек дауын шешудің де тың әдістері бекітіледі.
Әбілқасымова жалақыға, жұмысшылардың құқығына қатысты мәселелерді нақты қандай әдіспен шешетінін жарияламады. Бірақ, мамандардың біліктілігін көтеру үшін халықаралық стандарттары көбірек пайдаланатынын айтып қалды. Яғни, жаңа министр әлеуметтік саланы реформалауға дайындық үстінде деген сөз. Айтпақшы, Әбілқасымова қызметіне кіріспес бұрын экс-министр Тамара Дүйсеновамен кездесіпті.
-Егер Еңбек министрлігі зейнетақы, жалақы, жұмыспен қамту сынды маңызды әлеуметтік мәселелерге жауапты екенін ескерсек, 40 жастағы Әбілқасымовағның жүгі жеңіл болмасы анық. Ол жұмыссыздардың санын азайтуға, елімізде жиі көтерілетін еңбекақы дауына тікелей араласып, зейнеткерлердің құқығын қорғауға міндетті. Жаңа министр биыл міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшуге дайындықты бастамақ. Кейін өзін- өзі жұмыспен қамтып жүргендерге жеңілдік бермек. Ол үшін Әбілқасымова Қаржы және ұлттық экономика министрліктерінің шұғыл Салық кодексіне өзгеріс енгізуіне тапсырма беріңіз деп, премьерге өтініш жасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!