Сағадиев ұстаздарға 50 пайыздық үстеменің қашан қосылатынын айтты
Келер жылдан бастап мектептерде 4 пән ағылшынша оқытылады. Ал 2020 жылы елімізде нөлінші сынып пайда болады. Олар тек латын қарпімен оқиды. Алқалы жиын өткізген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің жаңалығы көп. Алайда, білім саласының бүгінгі хәлі премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа ұнамай қалды. Оның айтуынша, көптеген білім ошағы басшыларының ұйымдастырушылық қабілеті нашар, мекемесін жөнді басқара алмайды. Соның азабын оқушылар тартып отыр.
13.02.2018
Қазақстан оқушыларды бастауыш біліммен қамту жөнінен әлемде 4-ші орынға көтеріліпті. Бұл өткен жылдың қорытындысы. Сондай-ақ, жалпы білім беру бойынша 44-тен 35-ші орынға көтерілген. Ал жуырда Елбасының тапсырмасын айта кеткен жөн. Президент мұғалімдер жалақысына 50 пайызға дейін үстеме қосу туралы тапсырма берген болатын. Алайда, министрдің айтуына қарасақ, бұл сияпат ұстаз атаулының бәріне тиесілі емес.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Жаңартылған мазмұнға ауысқан мұғалімдердің жалақысына 30 пайызға қосымша ақы қаңтар айынан төлене басталды. Барлығы – осы жылы 200 мыңнан астам, ол 70 пайыз мұғалім алатын болады.
Сонымен қатар, мектептерде сабақты ағылшын тілінде жүргізуге қатты талпыныс жасалып жатыр екен. Қазірдің өзінде еліміздің 153 мектебінде физика, химия, биология және информатика пәндері ағылшын-қазақ, ағылшын-орыс және таза ағылшын тілдерінде тәжірибе ретінде оқытылып жатыр екен. Жоспар бойынша 2019 жылдан бастап 10-шы және 11-сыныптарда сол 4 пән физика, химия, биология және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Қазір соған дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Ол оқулықтарды методикалық кешенді дайындау экспертиза жасау және апробация жасау, мұғалімдердің дайындылығын арттыру – қомақты жұмыстар қазір атқарылып жатыр. Бірнеше өзгерістер болады. Оны осы оқу жылының аяғында бүкіл қоғамға жеткіземіз.
Премьер-министрінің орынбасарына білім саласында жақпай қалған 4 жағдай бар екен. Соның бәрін тура жиынның үстінде айтып салды. Оның айтуынша, біздегі білім мекемелеріндегі басшылықтың кері байланыс орнатуға құлшынысы жоқ. Яғни, білім алушылар түрлі кедергіге тап болса, оған нақты түсініктеме алуы қиын. Оның үстіне, басшылар өзі басқарып отырған мекемені дұрыс ұйымдастыра алмайды.
Яғни, менеджерлік қасиеті керемет емес. Қарапайым жұмыс істеу қабілеті жетілмей жатқанда, сандық технологияға көшу мәселесінің әбден қиын екені түсінікті. Досаевтың сөзіне сенсек, қазір елімізде соңғы үлгідегі техникаларды басқару қиындап жатыр. Яғни, маман жоқ. Ал бәрінен қиыны, білім саласында қағазбастылық дендеп тұр.
Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-Білім саласы көп нәрсе бюрократия мен қаржылық, шаруашылық жұмыстарына тәуелді болып қалған. Түптеп келгенде оның азабын өзіміздің оқушылар мен қарапайым мұғалімдеріміз тартып отыр. Негізінде барлық шаруашылық керісінше, соларға тәуелді болуы тиіс қой.
Дегенмен, жалақының өсуі ұстаздар қауымы үшін бәрібір қуанарлық жағдай болып отыр. Тағы бір жаңалық, 2020 жылдан бастап елімізде нөлінші сынып пайда болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!