Депутат қираған лифтілерді дереу қалыпқа келтіруді талап етті
Лифттен төнген қатер. Елімізде шатқаяқтаған лифт шаруашылығындағы шырғалаң Мәжіліске енді жетті. Бүгін депутаттар
Автор: Жәудір Оразхан
14.02.2018
көпқабатты үйлердегі жедел сатылардың қирап жатқанына алаңдаушылық білдірді. Тіпті артық салмақ көтере алмаған кабинаның тросы үзіліп, адамдарды жазым етуде. Өйткені, лифттерге қызмет көрсететін компанияларда техниканың тілін білетін маман да жоқ. Құрылыс компанияларының жанынан құрылған сервистік мекемелердің көздегені тек ақша табу.
Бұл Астанадағы элиталық баспаналардың бірі. Қымбат көпқабатты тұрғын үйдің сырты жылтырағанымен, кіреберісінен аттап бассаңыз, адам өміріне қауіпті проблемаға кез боласыз. Тұрғын үй кешеніндегі 16 лифттің 8-і апаттық жағдайда екен. Жұмыс істеп тұрғандарының да темірі жиі сықырлайды. Адамдар жедел сатыға «жанымызды шүберекке түйіп мініп, түсеміз» дейді.
Мира Төлендиева, Астана қаласының тұрғыны:
-Бұл кешенде тұрғаныма он жылдан асты. Элиталық үй болып есептеледі. Бірақ, шаруашылығына кімнің жауапты екенін білмейміз. Пәтерім 12-қабатта. Лифттер екі күннің бірінде бұзылады. Мінген сайын қорқамыз.
20-қабатты үйдің әсіресе жоғары жағында тұратындар үшін қиын. Кәрі, жасы амалсыз баспалдақпен жаяу көтерілуге мәжбүр. Ал лифтілерге осы үйді салған құрылыс компаниясына қарасты мекеме қызмет көрсетеді. Сервистік фирма ай сайын тұрғындардан ақша жинап алғанды білгенімен, жедел саты істен шықса жоламайды екен. Әбден шаршаған тұрғындар өздері ақша жинап, лифттерді жөндеуге кіріскен. Және пәтер иелері кооперативін құрған. Бірақ, неге екені түсініксіз, құрылыс компаниясы лифтілердің құжаттарын баспана қожайындарына бермей отырған көрінеді.
Арзу Қамалиев, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
-Үйдегі барлық лифті апаттық жағдайда тұр. Баспананы «Astana-Trade International» салған. Оған қарасты АТИ компаниясы лифтерге қызмет көрсетеді. Олар ай сайын тұрғындардан ақшаны жинап алады да, бірақ, лифттерге қармайды. Соттасып жатырмыз. Жедел сатыларды өзіміз 28 миллион теңге жөндеттік.
Былтыр дәл осы тұрғын үй кешенінің 5-кіре берісіндегі лифт үзіліп кетіп, төменге түскен. Ішіндегі 7 адам өлім аузынан әрең аман қалған еді. Сервистік компания салғырттығынан бұл кешенде мұндай оқиға жиі болып тұрады екен. Сол үзілген лифт әлі іске қосылмаған. Полицейлер бір жылдан бері сараптама жасап жатыр. Бүгін Мәжілісмен Мейрам Пішембаев осындай қауіпті жағдайдағы лифтілердің мәселесін көтерді.
Мейрам Пішембаев, Мәжіліс депутаты:
-Елдегі лифтердің жағдайы адам шошырлық. Мәселен, былтыр Астанада жұмыс істеп тұрған 4 лифт бұзылып, төменге түсіп кеткен. Басқа қалаларда да мұндай оқиға жиі кездеседі. Қайта адамдар аман. 2012 жылға дейін Астанада лифтерді техникалық тексеретін, мамандары бар небары 5 компания болған.
Қазір Астанада лифтіге қызмет көрсететін 70 жуық компания бар. Алайда ол мекемелерде директор мен арнайы техникалық білімі жоқ жалғыз маман отырады дейді депутат. Пішембаевтың сынына «Кәсіпкерлік қызметті реттеу туралы» заң жобасын алып келген Ұлттық экономика министріне жауап беруге тура келді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Лифтілерге келсек, оларға жеке тексерулер жүргізілмейді. Жедел сатыны тек мемлекеттік орган жылына бір рет жоспарлы түрде тексереді. Себебі, нысанның құрылысы мен жобасы мемлекеттік органдардың бақылауда.
Жалпы, лифттерге қатысты былық оңай берілетін лицензиядан шығып отыр дейді депутаттар. Қазіргі заң бойынша, жедел сатыға жөндеуге рұқсаты бар кез-келген құрылыс компаниясы тұрғындардан ай сайын ақша жинап, қызмет көрсете береді. Яғни, лифті жөндеумен кім көрінген айналысып жүр. Апаттың жиілеп кетуі де осыдан екен. Сондықтан мәжілісмендер сервистік компанияларға лицензия беру ережесін қатаңдатуды ұсынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!