Елімізде криптовалютамен сауда жасауға тыйым салынуы мүмкін
Мұндай қаржылық операциялардың қауіпті екенін айтқан сенаторлар бүгін электронды ақшаға заңмен шектеу қоюды сұрап отыр. Өйткені, тиісті бақылау болмаған соң, виртуалды ақшамен есірткі, қару-жарақ сатып алатындар көбейген дейді депутаттар.
Автор: Досжан Маратұлы
15.02.2018
-Толығырақ, жоғарғы палата отырысынан шыққан тілшіміз айтып берсін. Сонымен, елімізде криптовалютаға тыйым салынуы мүмкін бе?
Сәлем, Дина! Олай деуге әлі ерте. Бұл тақырып талай пікірталасқа арқау болатын түрі бар. Десек те, виртуалды ақша нарығын реттеу қажет.
Сондықтан сенаторлар криптовалютаға мүлдем шектеу қою керек деп отыр. Өйткені, жаңа айтқанымдай электронды ақшағаҰлттық банк, не құзырлы орындар тарапынан бақылау жоқ. Әрі ол елімізде заңды түрде төлем құралы болып саналмайды. Сондықтан, қолдағы ақшасын ғаламторға салып, еселеп көбейтуді көздеген жұрт түрлі заңсыз қаржылық операцияларды жасауға әуес.
ДУЛАТ ҚҰСДӘУЛЕТОВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
-Кейбір азаматтарымыз криптовалютамен үй, автокөлік сатып алып жатыр. Бірақ, бұл қаншалықты дұрыс? Ертең алаяқтар азаматтарымызды алдап кетпей ме? Бақылау болмаған соң, есірткі, қару-жарақ сатып алатындар да бар. Бұлай жалғасса қылмыстың саны артады.
Бұдан бөлек, Сенатта тек, криптовалюта саудасы ғана емес, елдер арасындағы экономикалық байланыс та сөз болды. Мәселен, Қаржы министрі Мәжіліске Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-саттық туралы заң жобасын алып келген. Бірақ, депутаттар құжатты мақұлдамас бұрын, Бақыт Сұлтановқа Каспийдің ар жағындағы көрші мемлекетке берілген Біріңғай зейнетақы қорына тиесі миллиардтарды министрдің есіне салды. Бірақ, сөзден сүрінбейтін Сұлтанов ақша толығымен қайтады деп қысқа қайырды.
БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
-Зейнетақы қорындағы 71 миллиард теңге Әзірбайжан банкіне инвестиция ретінде салынғаны рас. Бірақ, банк банкрот болғанымен, ақшаның қайтатынына көрші елдің Үкіметі кепілдік беріп отыр. Қайтару уақытын 15 жылға ұзарттық.
Яғни, министр осы уақыт ішінде қордағы жұрттың ақшасы үстемақысымен қосып қайтатынына сенімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!