Алматыда бюджетке салық төлегісі келмейтін кәсіпкерлерге күрес жарияланды
Алматылық саудагерлердің үштен бір бөлігі салық төлеуден жалтарып жүр! Кәсібін қыздырамын деп, міндетті төлемді ұмытқандардың кесірінен былтыр қазынаға 300 миллиард теңге кем түскен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.02.2018
Бұл Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлерінің салық өндіріп алуды 2 есеге арттырғандағы көрсеткіші. Әйтпесе, бюджетке түскен ақша бұдан да аз болар еді. Былтыр Алматы қаласы бойынша салық түсімі 1 триллион 695 миллиард теңгені құрапты. Оның 400 миллиардқа жуығы жергілікті бюджетке аударылған. Төлемнен қашып жүргендерді бас салып жазалаудан гөрі, түсіндіру жұмыстары оң нәтиже береді дейді салықшылар. Сондықтан, былтыр олар тексерісті азайтыпты. Бірақ, әлі де кәсіпкерлердің 30 пайызы салықшыларды пысқырмай, көлеңкелі саудамен айналысуды жалғастыруда. Қалада жылжымайтын мүлік үшін міндетті төлемнен жалтарып жүргендер де жетерлік. Олар қазынаға 4 жарым миллиардтай берешек. Бұл дегеніміз, 33 мың адам жер мен үй үшін салықты созбаққа салуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!