Көкшетауда шенеуніктер мен қарапайым халық жатақхананы бөлісе алмай дауласып жүр
Мемлекет меншігін өз меншігіндей көрген. Көкшетауда қала әкімдігінің балансындағы 5 қабатты жатақхана төңірегінде дау туды. «Алау» пәтер иелері кооперативі 120 бөлмесі бар ғимаратқа 20 жылдан аса қызмет көрсетеді екен. Ондағылар қызмет көрсетумен қатар баспана іздегендерге сатып, жекешелендіріп, жалға да беріп келген дейді әкімдіктегілер. Мемлекет меншігіндегі жатақхана тұрғындары тіпті бөлмелерін банкке кепілдікке қойып несие де алған. Енді екі тарап жатақхананы бөлісе алмай жатыр. Ал тұрғындар болса далада қаламыз ба деп қауіптенеді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
15.02.2018
-Бұл бес қабатты жатақхана Көкшетаудағы бұрынғы әуе құрылғыларын шығаратын құпия зауыттың жұмысшылары үшін салынған екен. Тікелей Мәскеуге бағынған кәсіпорын Кеңес Одағы ыдыраған кезде жабылған. Күні бүгінге дейін мұнда зауыттың 30 шақты жұмысшысы тұрады. Олар жатақхана бөлмелерін әлдеқашан жекешелендіріп алған..
Көкшетаулық Рустам Сазойненкоға осы жатақханадан қалалық әкімдік бір бөлме берген. Үй кезегінде бірінші болып тұрған ол уақытша тұру үшін көшіп келіпті. Бірақ енді жайғасқаным сол еді, өзін «Алау» пәтер иелері кооперативінің заңгерімін деген жігіт жетіп келді дейді.
Рустам Сазойненко, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Әбжанов Манарбек деген жігіт келіп қорқыта бастады. «Сені шығарамын, жалға беретін өткен айлардың ақшасын саған төлетемін, мен тұрғын үй кооперативінің заңгерімін, бұл менің бөлмем деді. Ақша талап етті. Сөйтсем, көршіге де жүгіріп барды. Оған да қарызсың деп айғайлады.
Қазір бұл тұрғындардың барлығы мұнда үреймен тұрып жатыр. Олар қай күні далада қалатынымызды білмейміз дейді. Әкімдік болса, 20 жылдан кейін ғана пәтер иелері кооперативінің бұл жатақхананы заңсыз пайдаланып келгенін білген.
Марат Шаһаров, Көкшетау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің заңгері:
-1996-шы жылғы Көкшетау қаласы әкімінің шешімі бар. Бұл – мемлекет меншігі. 1991-шы жылға дейін салынған мұндай нысандар заң бойынша мемлекет меншігіне өткен. Сондықтан «Алау»пәтер иелері кооперативі заңды белінен басып отыр. Олардың ондай құқығы жоқ.
Александра Махамбетова бұл кооперативті 20 жылдан бері басқарады. Осыншама уақыттан бері жатақхана бөлмесін баспана іздегендерге өзі беріп келген. Енді аяқ астынан жік шыққандай. Ол әкімдіктің әрекетіне таң қалып отыр. Қолында 1996-шы жылы зауыт басшылығының қол қойып, мүлікті тапсырған құжаты бар екен.
Александра Махамбетова, «Алау»пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
-Күн сайын әкімдік қызметкерлері келіп жүр. Естеріне енді түсті ме? Бұл жатақхана иесіз. Әкімдік оны иесіз деп танып, сот арқылы мемлекет меншігіне алуы керек еді. Маған бұрынғы зауыт жатақхананы актімен тапсырып кеткен. Ал менде жеке заңгер жоқ. Ондай кісіні білемін, бірақ ол бізде жұмыс істемейді. Маған әкімдік қоқаң-лоққы көрсеткісі келеді.
Тұрғындар шағымданған заңгер Манарбек Әбжановты білмеймін деген төрайым оны ертіп, бізді өзі іздеп келген екен. Заңгердің айтуынша, ол ешкімнен ақша алған емес. Бұл жатақханада екі бөлмесі ғана барын айтады. Ал әкімдік 20 жылдық тарихы бар түйткілді шешу үшін «Алауды» сотқа берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!