Ақтөбе облысында қараусыз қалған балалар түтінге тұншығып өлді
Ақтөбе облысында екі бүлдіршін түтінге тұншығып өлді. 5 жасқа әлі толмаған ұл мен қызды құтқаруға ешкім үлгермеген. Өйткені оларды ересектер пәтерге қамап, қараусыз қалдырыпты. Үйде от тұтанғанда балалар ысқа қақалып, жатын болмеге тығылады. Сол жерде дем жетпей шетінеп кеткен.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.02.2018
Хромтау қаласындағы бұл үйдің тұрғындары есігіне мөр басылған мына пәтерге қарауға қорқады. Көршілері ыс тиіп өлген ұл мен қыздың жансыз денесін іштен шығарғанда шошынып қалған. От тұтанғанда балалар қамауда болыпты. Сыртқа шыға алмаған қос бөбек ыстан қашып, жатын бөлмеге тығылған. Сол жерде демдері үзіледі.
-Балалар дәл осы үйдің үшінші қабатындағы пәтерде тұншығып өлген. Ата-анасы қазір мұнда тұрмайды. Туыстарының үйіне кетіпті. Есік-терезесін өрт шыққанда сындыруға тура келді дейді мамандар.
Шетінеп кеткен Алан мен Әлия бөле екен. Ұлдың ата-анасы құжат рәсімдеуге облыс орталығына кетеді. Ал бала бағуға бес жасар қызын ертіп нағашы апасы келеді. Жұмысынан дереу шақырту алған ол балаларды қамап кетіп қалған.
Людмила Есекенова, баланың анасы:
-Баламның құжатын реттейін деп күйеуіммен Ақтөбеге кетіп қалып едік. Бұлай боларын кім білген? Өрттің неден шыққанын да білмеймін. Ұлым отпен ойнамайтын еді. Елгезек, ақылды еді.
Бұл оқиғаға көршілері ұлынан айрылған ата-ананы кінәлайды. Өйткені, балаларын жиі жалғыз тастап кетеді екен. шетінеп кеткен кішкентай Алан Осыдан екі жыл бұрын үшінші қабаттан құлап, мүгедек болып қалыпты. Ол кезде бас сүйегі сынып, бес рет ота жасаған.
Алексей Визаверь, Хромтау қаласының тұрғыны:
-Балаларын қараусыз қалдырып кетеді. Кішкентайлар сыртқа шыға алмай терезеден жылап тұрады. Полиция шақырып әбігерге түскен кезіміз болды. Өлген бала бұрын жоғарғы қабаттан құлап аман қалып еді. Асылық айтып не қылайын? Ұл мен қыз шетінеп кетті. Құдай аясын!
Қазір балалардың өліміне қатысты тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғаған. Дегенмен, қара жамылған отбасының жағдайын түсініп, тергеуді кейінге қалдырыпты.
Нұржан Рысалин, учаскелік инспектор:
- Дұрыс сөйлескен жоқпыз. Іс қозғалды.
-Қандай баппен?
-Қазір нақты айта алмаймыз. Іште тергеушілер бар.
Куәгерлер оқиға орнына өрт сөндірушілердің кеш жеткенін айтады. Онымен қоймай, есікті ашуға құтқарушылар асықпаған. Егер шұғыл қимылдағанда бөбектерді аман алып қалуға болар еді дегенді айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!