{metadescription}
Астанада балалар үйі өртенді
Астанада балалар үйі өртенді

Астанада балалар үйі өртенді

Құдай сақтап, сондағы 90 баланың бәрі дін аман. Алайда, мекеменің бір қызметкері түтінге уланып, ауруханаға түсті. Ғимараттың өрт шалған бөлігінде бүлдіршіндерге қайырылымдылық шаралары мен демеушілерден келген киім-кешектер сақталған екен. Оның бәрі түгі қалмай өртеніп кетті. Тілсіз жаудың кесірінен мекеме құнды заттарынан айрылған болса, қала басшылығы шығынын өтеп бермекші.

Қаланың қақ ортасындағы балалар үйінен қапелімде қызыл жалын лапылдап шықты. Өрт сөндірушілер іске кіріскенше біраз уақыт өтіп кеткен сияқты. Олар лаулаған отпен арпалысып, көк түтін будақтай бастағанда ғимараттың асты-үстіне түсіп әлектенді. Біразы қою түтіннің ортасына кіріп кеткен. Ішінен күлі шыққан заттың бәрін сыртқа лақтырып жатыр.

Ернар Сарқытбаев, куәгер:

-Біз келгенде сөндіріп жатты. Екі терезесінен от лапылдап жатты. Өрт сөндірушілер келіп он минутта сөндіріп тастады.

Оқиға орнына төтенше жағдайдың су атқылайтын көліктерінен бөлек, жедел жәрдем де жетіп алған. Ал балалар үйінің ауласы астаң-кестең. Ішінде шланга сүйренкен өрт сөндірушілердің жүрісі апыл-ғұпыл. Көк түтінге булыққан мамандар күлі қалған қабырғалардың арасында жүр. Қауіптің беті қайтпаған соң, от орнына ешкімді жолатқылары келмейді. Мұнда 4 пен 18 жас аралығында 89 бала тұрып жатыр екен. Тапа-тал түсте ғимараты отқа оранып, тас төбесі тас талқан боп жатқанда балалар үйінің басшылығы тәрбиеленушілерінің аман қалғанына шүкіршілік етеді.

Айгүл Айтқожина, балалар үйі директорының орынбасары:

-Бұл қарапайым әкімшілік ғимарат. Балаларымыз бұнда емес, коттедждерде тұрады. Ешкім зардап шеккен жоқ. Ал бұл ғимаратта үйірмелер, іс-шаралар өткізіліп, мектепке дайындық жүргізіледі.

Алайда зардап шеккен адам бар болып шықты. Өртенген жерде осындағы балаларға демеушілер тарту еткен киім-кешектер сақталыпты. Сол заттарға бас-көз болып жүрген әйел қызметкер түтінге уланып, ауруханаға әкетілген. Ал қалған қызметкерлер енді бала тәрбиесінен бұрын, полицияға жауап берумен бас қатыратын болады. Өйткені, енді өрт қауіпсіздігі қаншалықты сақталған, электр құрылғылары ескірмеген бе, жалпы, от қалай тез өршіп кеткен деген сұрақтар нақтыланбайынша, ешкімге маза жоқ.

-Түс әлетінде басталған қызыл жалынмен өрт сөндірушілер 2 сағаттан аса арпалысып, әрең өшіріп бітті. Қазір ғимараттың үшінші қабатындағы  үш терезесі үңірейіп тұр. Ал ішіндегі дүние-мүлік түгелімен күл-қоқысқа айналып, есігінің алдында жатыр. Ал өрттің себебін әзірге ешкім білмейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.