Жаңа дерек: Тоқмәдиге Тәтішевті өлтіруге Әбілязов тапсырыс берген
Тапсырыс құны төрт миллион доллар! Таразда өтіп жатқан Мұратхан Тоқмәди сотында Әбілязов Тәтішевтің өлімі үшін осынша қаржы ұсынған деген мәлімет айтылды. Яғни, Тоқмәди баскесерлік қызметін осынша қаржыға бағаладым деп отыр. Айтуынша, Әбілязов оның бизнесіне қолдау көрсетемін деп те уәде еткен.
Автор: Руслан Әбдіхалық
16.02.2018
Бүгінгі сот процесін тек онлайн арқылы бақылауға тура келді. Неліктен мұндай шешім қабылданғаны түсініксіз. Ал сот отырысында ең алдымен айыпталушы Мұратхан Тоқмәдиден жауап алынды. Ол қанды оқиғаның қалай болғанын тәптіштеп түсіндіріп берді. Әрі Ержан Тәтішевті өлтіру үшін қашқын банкир Мұхтар Әблязовтан 4 млн. долларға тапсырыс алғанын ашық айтты. Қаражаттың тең жарымын сол «Тұран Әлем Банкінен» алған кердитін жабуға жұмсаған. Ал, қалған бөлігін өзінің қажетіне жаратса керек. Солай деген шыны королі өзінің осы қанды қылмыс жасағаны үшін қатты өкінетінін айтты.
Мұратхан Тоқмәди, сотталушы:
-Сіз осы жасаған қылмысыңыз үшін өкінесіз бе?
-Ия
-Процесуалдық келісім туралы өтінішті сіз өз еркіңізбен жаздыңыз ба?
-Иә, өз еркіммен жаздым.
Бұл қанды оқиғаның негізгі куәгері – Тәтішевтің оққағары болған Сергей Козлихин. Оның айтуынша, аңшылықта жүргенде көлікті марқұм Ержан Тәшевтің өзі жүргізген. Ал Сергей соның жанындағы орындықта отырыпты. Бірақ ол Тоқмәдидің қалай оқ атқанын көре алмаған. Себебі, қолында қаруы бар кәсіпкер артқы орындыққа жайғасыпты. Тек тарс еткен дауысты естісімен Тәтішевтің сылқ құлағанын бір-ақ байқадым дейді Козлихин.
Сергей Козлихин, куәгер:
-Көлікті дереу тоқтаттым да, машинадан атып түсіп Тоқмәдиді желкесінен сүйреп сыртқа шығардым. Сен не істедің деп сілкіп қалдым. Ол бозарып кеткен . «Сергей, сен түсінесің ғой, мен мұны қалағам жоқ, ол қаруды маған өзі берді ғой» деді. Шүріппені қалай басқанымды түсінбей қалдым деді. Сөйтіп есеңгіреп, дел-сал күйде тұрып қалды. Болды, мен өмір сүре алмаймын деп қайта-қайта айта берді.
Козлихиннің айтуынша, осы қанды қылмыстан кейін оған жан-жақты қысым көбейген. Яғни Тоқмәди бұл қылмысты абайсызда болғанын айтуды одан талап етіпті. Ал бұл оған көнбей басына бәле тілеп алған. Ақыры елден кетуге мәжбүр болдым дейді. Қазір ол – Ресейдің Калининград қаласының тұрғыны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!