Павлодар облысында жұрт төрт түлікке қойылған дертке күмән келтірді
Павлодар облысында жұрт былтырғы қыстан аман шыққан тана-баспақтарын шетінен бауыздап, тиын-тебенге өткізуге мәжбүр. Екібастұз ауданы Тай ауылы тұрғындарының айтуынша, бір жыл бұрын аузынан ақ көбік ағып қырылған төрт түлікке «пастереллез» диагнозы қойылған. Бірақ, бұған жұрттың сенгісі жоқ. Олар ауыз-өңеші түгел жараланып сұлаған малдың өлуіне «аусыл» індеті себеп дейді.
Автор: Әйгерім Шакаманова
19.02.2018
Тура бір жыл бұрын қой-сиырынан айырылған Тай ауылының тұрғындары қазір сол сұмдық жайтты естеріне алса, көз жастарын тыя алмайды. Күні-түні аузынан ақ көбік аққан төрт-түлігімен арпалысқан олар малын қалай да болсын құтқарып қалуға тырысыпты. Бұған еш бөгет жасай алмаған жұрт қисапсыз қырылған малға қарап отырудан басқа амал таппапты.
Сайран Арынова, Тай ауылының тұрғыны:
-Таңымыз атса ең алдымен қораны қараймыз. Күнде сондай жағдай бүкіл елде, тек көргеніміз сол 5-6 қой жатады сілейіп қатып.
Арам қатқан мал санын бастапқыда 20 миллион теңгеге бағалап, кейін оны 14 миллионға қысқартқан атқамінерлер болса жұртқа бұл сома түгел өтеледі деп сендірген. Бірақ, содан бері бір жыл өтсе де ешкімге көк тиын берілмеген.
-Міне былтыр ғана осы қора толып тұр еді малға, міне қаңырап қазір бос тұр. Осы өлген малымның өтемақысын қайтарып берсе қайрадан осы қорамды малға толтырып, шаруашылығымды көтерер едім әрі қарай.
Ақпанның ортасынан басталып, сәуірге дейін беті қайтпаған дерттің кесірінен жұрттың 300-ге жуық бұзау-сиыры мен 250-ге жуық қойы қырылып қалған. Кейін сараптама қорытындысы бойынша мал «пастереллез» дертінен өлді деген жауап келген. Бірақ, ауылдықтар бұған әлі күнге дейін сенбейді. Олар аузынан ақ көбік ағып, өңеші мен тұяқтарына дейін жара басқан ірі-қараның қырылуына «аусыл» індеті себеп дейді. Өйткені, пастереллезге шалдыққан малдың іші кеуіп, қантышқақ болады екен. Ал қызметіне биыл кіріскен шенеуніктер ештеңе білмейміз деп иық қисаңдатады.
Қонақбай Тұрымтай, Екібастұз қаласы ветеринария бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:
- Шығын төленеді деген. Бұл халықты ренжітпеу үшін айтқан шығар.
Пастереллез дертіне шалдыққан төрт түлікке заң бойынша өтемақы төленбейтін көрінеді. Қазынадан облысқа бір тиынның бөлінбегені де сондықтан екен. Ал былтырғы қыстан аман шыққан төрт-түлігінің биыл қырылып қалуынан қауіптенген жұрт тана-баспақтарын шетінен сойып, тиын-тебенге өткізіп жатыр.Жергілікті билік өкілдерінің айтқанына сеніп, бір жыл сандалған олар енді арызын арқалап Астанаға бармақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!