Алматының трамвайлары Өскеменге жөнелтілмек
Осылайша, жергілікті травмай паркін жаңартпақ екен. Бұл аз десеңіз, Шығыс Қазақстан облысы сатып алмақшы болып жанталасып жатқан қоғамдық көліктер Алматыға әкелінбес бұрын Германияда пайдаланылған. Ал Алматыда трамвайларға қатысты болған бірнеше жол апаттары жайлы білмесе керек, өскемендік әкім-қаралар алған бетінен қайтар емес. Олар тіпті бұл мақсатқа 120 миллион теңгеге жуық қаражат бөліпті.
Автор: Жанар Низамутдинова
19.02.2018
Әкімдіктің ескі вагондорды сатып алғалы жатқанын естігелі бері ес жия алмай жүрміз, - дейді Өскемен трамвай паркінің басшысы Анатолий Успенский. Басшылар тіпті мұндай жоспардың бар екенін ескертуді де қажет санамаған. Успенскийдің айтуынша, шенділер қызығып отырған ескі көліктер сонау 1986 жылы шығарылған. Қазір бұларға қосалқы бөлшек те шығарылмайды, қызмет көрсететін арнайы база да жоқ. Әрі бұлар қазір Өскемен көшелерінде жүрген трамвайлардан әлдеқайда ескі көрінеді.
Анатолий Успенский, «Өскемен трамвай паркі» ЖШС директоры:
-Бұларды сатып алатын болса, бүкіл депоны осыларға лайықтап, жаңарту керек. Біздің есебіміз бойынша, ол үшін 200 миллион теңге қаражат кетеді. Басшылар үнемі автопарк пен трамвай паркін жаңарту керек деп қақсайды да жүреді. Сондағы жаңартқандары осы ма? Біздің паркте тұрған трамвайлардан да ескілерін сатып алып, мәселені осылай шешпек пе? Масқара ғой!
Өскемендік шенеуніктер аса қызығушылық танытып отырған трамвайлар әуелі Германияда бірнеше жыл пайдаланылған, кейін жолаушыларды тасымалдаудың еуропалық талаптарына сәйкес келмеген соң, Қазақстанға сатылған. Ал Алматыда осы көлікке қатысты болған бірнеше жол апатынан кейін бұлар қауіпті деп танылып, жүруге мүлде тыйым салынды. Бірақ, әкімдіктегілер бұдан сабақ алмаса керек, ескіні сатып алуға дайын отыр.
Антон Крамаренко, «Ертіс» ӘКК ұлттық компаниясы» АҚ басқарма басшысы:
- Бұл ең дұрыс шешім. Ақша да желге ұшпайды. Алатын трамвайлардың іші-сырты, бір сөзбен айтқанда, жағдайы өте жақсы.
Басшылардың бұл сөзін облыстық кәсіпкерлер палатасындағылар да ақылға қонымсыз деп отыр. 118 миллион теңгеге ескі ваогндарды сатып алғанша, Беларусьтен су жаңасын алған әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз болар еді дейді олар.
Игорь Шацкий, ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:
-Трамвай паркін мемлекеттік- жекеменшік әріптестік негізінде де жаңартуға болады ғой. Және мұның барлығын трамвай паркінің басшылығымен ақылдасып, бірігіп отырып жасағанда дұрыс болар еді. Ал, дәл қазіргі істеп отырғандары көңілге мұлде қонымсыз.
Трамвай паркіндегілерге сенсек, ескі-құсқыға қыруар қаржы жібергенше, әрқайсысы 35 миллион теңге тұратын жаңа трамвай сатып алған дұрыс. Қосалқы бөлшегі де тез табылады әрі бірден пайдалана беруге болады. Ал, Алматыдан жететін көліктерді Өскеменнің рельстеріне лайықтау үшін 50 миллион теңге қажет екен. Десе де, шенділер ескі вагондарды Өскеменге жеткізу үшін конкурс жариялап қойыпты. Ол үшін жергілікті қазынадан 87 миллион теңге тағы бөлінбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!