Алматыда ашынған саудагерлер Байбекпен кездестіруді талап етті
Жер астынан шыққан жік! Алматыда жер асты өту жолында кәсіптерін дөңгелетіп отырған саудагерлерді қала әкімдігі наурызда қуып шықпақ. Он жылдан астам күнкөріс көзіне айналған жұмыстан 700- ге жуық адам айырыламыз ,енді қайда барамыз деп шу шығарды. Осыған дейін шаһар әкімі Бауыржан Байбектің атына бірнеше мәрте хат жазғанмен, оңды жауап алмаған. Тіптен, ең болмаса бізбен кездеспей отыр дейді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
19.02.2018
-Байбек қабылдасын! Байбек Қабылдасын! Байбек Қабылдасын!
Бауыржан Байбектің қабылдауынан күдер үзгендердің қолдарына плакат алып, айқайлаудан басқа амалы қалмаған. Тықыр таянды. Он күннен кейін он жылдан астам тұрған жерлерінен түбегейлі кетулері керек. Келісім-шарттың уақыты бітті. Ал, әкімдік «ары қарай созбаймыз, босатыңдар» деп бір-ақ кескен.
Айгүл Қоңырбаева, сатушы:
-Қаланың әкіміне кіре алмағалы халықтың 4 айдың жүзі болды. Ешқандай кіргізбейді бізді. Бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ.
Бақыт Қашабаев, сатушы:
-Қаланың сыртына базарға барыңдар дейді. Ол жерге халық бармайды ғой. Базарға барсаң біздің жұмысымызға сәйкес келмейді. Сауда үйіне барыңдар дейді. Ол жерде аренда қымбат. Біздің шамамыз жетпейді.
Қаладағы 30 дан астам жер асты жолында жан баққандар бастарына үйірілген қара бұлттың сейілмесін сезеді. Жеті жүзге жуық саудагер артындағы бала-шағасын енді қалай асыраймын деген мұңның ұйығына батқан. Бүгінге дейін тұрғындарға пайдасы болмаса, кесірі тимеген кәсіптері әкімдікке неліктен көзге шыққан сүйелдей болғанын түсінбейді.
Сәкен Нұрлыбаев, кәсіпкер:
- Үкіметтен ақша сұрап жатқан жоқпыз. Ешкімге біз қол жайып барып жатқан жоқпыз. Сондықтан Байбек мырзадан сұрайтынымыз бізді қабылдасын, өтінішімізді тыңдаса екен.
Шаһар әкімі бұл шағымнан хабардар. Бірақ, Бауыржан Байбектің езілген жүректерге бүйрегі бұрылмай тұр. Осыған дейін «базарға барсын» деген тоқетер сөзін айтқан. Жағдайға араша түсер, бәлкім түсінер деген үмітпен сатушылар Нұр Отанға келді. Әкіммен кездесуге септесулерін сұрады.
-Саудагерлер қала әкімінің қабылдауына кезекті рет жазылды. Бәлкім, осы жолы қабылдар деген көмескі үміттері бар. Басқа жерге барайын десе, шағын кәсіпті қармағандар орта кәсіптің шоқпарын көтере алмайды. Жер асты жолында жан баққандар төбедегілердің төменге түсіп, түсінгендерін қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!