Алматыда көше сыпырушысы өзін қаққан автобус жүргізушісін жазаға тарта алмай жүр
Қатты соқыдан келіншектің іші жарылып, бауыры бірнеше жерден жыртылып кеткен екен. Бір ажалдан аман қалған әйел енді біржолата төсек тартып жатып қалуы мүмкін. Ал апатқа кінәлі қоғамдық көлік жүргізушісі бастапқыда техникалық ақауды айтып ақталмақ болғанымен, кейіннен ол өтірігі ашылып, оның ұялы телефон қызықтап отырғаны белгілі болды.
Автор: Аруна Ортай
20.02.2018
-Оқиға мына осы жерде болған. Сыпырғышын ұстап, көшені еріген қардан еңкейіп тазалап жатқан келіншекті дәл алдынан келіп автобус соққан.
Сөйтіп мына үйдің қабырғасына келіп соғылған. Жұмысшының да осы қабырғаға жаншылуы мүмкін екен. Абырой болғанда, тазалықшы жол шетіндегі ағашқа ілініп қалып, аман қалған.
Ғабит Жайлыбаев, күйеуі:
-Осы жерден соғып, ана жерге дейін сүйреп, автобус соғылған деп тұр. Негізі 15 маршрут қатты келіп соққан дейді көрген-білгендер.
Ғабит Жайлыбаев көше сыпырып, жан бағып жүрген жарының өмірбақи мүгедек болып қалуынан қорқады. Айтуынша, автобус соққысынан келіншегі үш күн бойы ес-түссіз жатыпты. Кейіннен белгілі болғандай, әйелінен көп мөлшерде қан кетіп, бауыры жыртылған.
Нұрлан Сейітбекұлы, №7 қалалық аурухана ординаторы:
-Бас миының жабық жарақаты, бет аумағының жұмсақ тіндерінің жарақаты болған. Және іш құрылысының жабық жарақаты. Көп мөлшерде қан жиналуы, бауырдың зақымдалуы. Бауырдың көптеген жыртылуымен келіп түсті. Жедел түрде ота жасалды.
Жанар Әленованың өзі есін жиғанымен, халі нашар. Тас жол бойын қардан тазалап жүріп, ажал құша жаздаған келіншектің өзі барынша сақ болғанын айтады. Қауіпсіздік ережесіне сәйкес арнайы киім киіп, жол белгісін де қойып қойған.
Жанар Әленова, зардап шегуші:
-Бауырым енді жүргізбейді. Келешекте енді не боламын. Келешекте қайтіп бағамын, бала-шағамды кім бағады менің? Бір адамның істегені жетпейді, міне бауырым езіліп жатыр, жүре алмай жатырмын.
Осылай деп зар жылаған тазалықшы өзін қаққан автобус жүргізушісі жазадан сытылып кете ме деп күдіктенеді. Айтуынша, келіп халін де білмеген екен. Оның күдіктенуі бекер болмай шықты. Өйткені, көз алдындағы көше сыпырушысын көрмеген жүргізуші тежегіш істеп шықты деп алдаған. Алайда, автобустан еш ақау табылмаған.
Михаил Чайка, «Алматыэлектротранс» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы:
-Автобус тежегіші жұмыс істеп тұрған. Көліктен ешқандай ақау табылмады. Сосын жүргізушінің өзі тағы түсініктеме жазып, ұялы телефон қарап отырғанын мойындады.
Яғни, қалта телефонын қызықтап, жолға қарамаған. «Жауапсыз жүргізуші енді автобусқа отырмайды» деп құтылды автопарк басшылары. Сөйтіп, зардап шеккен азаматқа өтемақы төлеуден басын ала қашты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!