Үкімет тасқынға қарсы 24 миллиард теңге бөлді
Еліміздің басым бөлігін су шайып кету қаупі басым. Бүгін Үкімет көктемгі тасқынға қарсы шұғыл шаралар қабылдап онымен күреске 24 миллиард теңге бөлді. Алайда қыруар қаржы айтып келмейтін апаттың бетін қайтара ала ма?
Автор: Досжан Маратұлы
20.02.2018
-Құтқару қызметтері су тасқынына толық дайын деп айтуға болмайды. Өйткені, шешуді қажет ететін мәселелер көп. Мұны шешеуніктер де мойындап отыр.
Жалпы, Үкіметтің аяқ-асты дүрлігуінің себебі жоқ емес. Бар болғаны сегіз күннен соң көктем басталады. Яки, күн жылып қыс бойы қалың түскен қар ериді деген сөз. Оның зардабы биыл да орасан болғалы тұр. Әсіресе Оңтүстік, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстары биыл да топан судың астында қалуы мүмкін.
ҚАЛМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
-Осы аймақтардағы 160 елді мекенді еріген қар суының басу қаупі сақталып отыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл проблеманы шешу үшін шұғыл шаралар қарастыруы тиіс. Оның үстіне су қоймалары мен дамбылардың тасыған суды қабылдауға барлығы дайын емес. Әсіресе, жекенің қолындағы гидротехникалық нысандардан келетін қауіп көп.
Ал, биыл былтырғымен салыстырғанда қар мөлшерден аз түскен. Бірақ, күн күрт жылыйтын болса, бәрібір топан су жайлауы мүмкін дейді министр. Сондықтан премьер-министр әкімдерге өзеннің деңгейін қадалағап, арықтарды тазартып, бөгеттердің жарамдылығын тексеруді қатаң тапсырды. Әрі Бақытжан Сағынтаев жылда қызыл судың астында қалатын Ақмола облысындағы Атбасардың мәселесін бір жола шешуге пәрмен берді. Өйткені, мұндағы тасқын салдарын жоюға жылда миллиардтап ақша бөлінеді. Бірақ, бұдан нәтиже жоқ. Одан да атбасарлықтарды басқа қауіпсіз орынға көшіру әлдеқайда тіиімді дейді премьер.
БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
-Қазақ айтады. Су тілсіз жау деп. Әрине көп шаруа жасалып жатыр. Бірақ судың бір күнде қайдан келетінін білмей қаламыз. Сол себептен жайбарақат отыруға болмайды жұмыста қатаң түрде бақылауға алу қажет.
Сондай-ақ, былтырғы даудан кейін «Қазгидрометтің» жұмысын жетілдіру үшін жаңа қондырғылар алыныпты. Ол синоптиктерге тасқын болатынын 90 пайыз дәлдікпен айтуға көмек береді. Ал, былтыр топан судың астында қалған аймақ басшылары апатқа дер кезінде ескертпеген синоптиктерді кінәләған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!