Шетелдік күйеуінен қорлық көрген керекулік келіншек сәбиімен Стамбұлдан елге оралды
Бір жарым жастағы қызымен бүгін Павлодарға жеткен Виктория Мозговая бұған дейін ел дипломаттарынан көмек сұраған еді. Оған Қазақстан азаматтығына ие баласының Түркиядан шығуына тыйым салынғаны себеп болған. Сөйтсе, бұл өзінің әке екенін заң алдында дәлелдеуге бекінген күйеуінің ісі екен. Келіншекке аспандағы айды алып беремін деп еліне шақыртқан түрік азаматы кейін оны ұрып-соғып, қызын тартып алуға әрекеттеніпті.
Автор: Әйгерім Шакаманова
20.02.2018
Қызын жетектеп Стамбулдан Астанаға, бұдан соң Павлодарға келген Виктория ұшақтан түскен бойда жылап жіберіпті. Бұған дейін қызын жалғыз тәрбиелеген ол Айлинінің әкесімен «некемізді заңдастырамыз» дегеніне сеніп, сәбиімен шекара асқан. Сөйтсе, Мехмет Аксойға жар емес, қызы ғана керек екен. Ал, Викторияны ұрып-соғу аздай, Павлодардағы туыстарына хабарласып, қоқаң-лоқы көрсетіпті.
Виктория Мозговая:
– Түрік азаматының тұтқынында болдық десем артық айтпаймын. Қорлық көрген соң елге қайтуға бел будым. Бірақ, күйеуім баламның Түркиядан шығуына тыйым салып қойыпты. Не істерімді білмей, Қазақстанды аңсап жылаудан басқа амал таппадым.
Бұдан соң түрік азаматы баланың әкесі екенін заң алдында дәлелдеуге кірісіп, азаматтық іс қозғатқан. Тіпті, кішкентай Айлинге сот-медициналық сараптама жасатқызуға әрекеттеніпті. Сотта бәрі расталып, перзенті шетелде біржола қалып қоя ма деп үрейленген Викторяи бұл туралы Қазақстан консулдығына хабарлаған. Қызы мен жиенінің жағдайына алаңдап Стамбулға жеткен оның әкесі өздеріне қол ұшын берген ел дипломаттарына алғыс білдіруде.
Виктор Мозговой:
– Консул жиі хабарласып, жағдайымызды біліп тұрды.Түркияның соты бұған дейін қорғаушымыздың тыйымды алып тастау туралы жіберген нотасын жауапсыз қалдырған еді. Іске консулдық араласқан соң бәрі шешіліп шыға келді. Дереу ұшаққа билет алып беріп, Отанға оралдық.Бәрімізді әуреге салған істі бір күнде тындырып берген консулдық қыметкерлеріне алғысымыз шексіз.
Қиындыққа тап болған отандастарымызды Стамбұлдағы қонақ үйлердің біріне орналастырған консулдық өкілдері болса кішкентай Айлиннің Отанға тез арада оралуы үшін қолдан келгенді аямадық дейді.
Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Оған жергілікті орыс тілді адвокат ұсынылды. Стамбулдың Жанұя сотына Айлин Мозговаяға шетелге шығуға тыйым салатын шешімді қайта қарастыру бойынша ресми өтініш жолданды. Одан кейін осы мәселені шешу үшін біздің Қазақстанның Түркиядағы елшісінің өзі де кірісті.
35 жастағы Викторяиның түрік жігітпен қарым-қатынасы 3 жыл бұрын басталған. Шетел азаматы Павлодарға арнайы келіп, оны Стамбұлға ертіп әкетіпті. Бақыттан басы айналған олар азаматтық некеде тұрған. Ал келіншектің жүкті екенін естіп білген түркиялық романтик көп ұзамай ғайып болған көрінеді. Бірақ кейін сол балаға таласа бастаған.
-Арбауға түскенін түсінген Виктория сол кезде елге қайтып келген екен.Осында босанып, қызына Қазақстан азаматтығы берілгенін айта кетейік. Кіндік қаны тамған жерге аман-есен оралғанын сезді ме, кішкентай Айлин тәтті ұйқыдан оянбады. Ал Отанына әрең жеткен Виктория енді Қазақстаннан басқа ешқайда аяқ баспаймын деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!