Алматыда қоғамдық көліктің қызметіне қатысты үлкен дау шықты
Қоғамдық көліктің қорлығы. Алматыда автобуспен қатынай алмай қиналып жүрген мүмкіндігі шеутеулі жандар бүгін бас көтерді. Олар қаладағы бір де бір қоғамдық көлікте аялдаманың аты жазылған жүгіртпе немесе дыбысты хабарлама жоқ деп ашынады. Бұл әсіресе саңыраулар мен көзі нашар көретіндер үшін қиын екен. Ал арбаға таңылғандардың мәселесі тіптен ушығып тұр.
Автор: Асыл Махмет
21.02.2018
Құқығымыз аяқ асты болды деп ашынған алматылық мүмкіндігі шектеулі жандар бүгін бас қосты. Олар қоғамдық көлікте жарымжан жандарға ешқандай жағдай жасалмағанына наразы. Қаладағы бір де бір автобуста не аялдама аты жазылған жүгіртпе жол не дыбысты хабарлама жоқ екен. Мысалы есту қабілеті нашар Виталий автобуспен қатынаудан қалдым дейді. Жолаушы толы көлікте терезеге жаутаңдап жүріп құлап қолын сындырып алыпты. Сол сияқты көзі көрмейтіндер үшін де қоғамдық көлік бүгінде қолайсыз болып тұр. Ақша жинап, билет тексерумен басы қатқан кондуктор аялдамаларды хабарлауға мұршасы келмейді екен.
Арбаға тағылғандардың мәселесі тіптен қиын. Мария Тарасованың метроға кіре алмай Жібек Жолы бекетінде тұрғанына он минуттан асты. Жер асты жолымен қатынау үшін оған арнайы адам керек. Метрополитенде ондай 45 қызметкер бар екен. Бірақ мүгедектің жағдайын көбісі түсіне бермейтін сияқты. Ереже бойынша отыз минутта жетуі тиіс келесі бекетке, бойжеткенді бір сағаттан астам сүйреді. Машақаты көп метроға айына ары кетсе 15 арбаға таңылған жан отырады екен.
Мария Тарасова:
-Біз де қоғамның бір мүшесіміз. Мені қынжылтатыны қоғамдық көліктегі жағдай. Барлық мүмкіндігі бар метроның өзінде осылай жасайды. Автобуста мүлдем қиын. Таңғы уақытта адам лық толған кезде мүгедек тұрмақ сау адам отыра алмайды. Оны білесіздер. Сол үшін біз сияқты жандарға да қолайлы етіп, осыны ретке келтірсе екен дейміз.
Алматы әкімі былтыр жазда бұл мәселені шешеміз деп қарамағындағыларға тапсырма да берген. Бірақ жарты жыл өтсе де қоғамдық көліктегі жағдай оңалатын емес. 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұратын шахарда инватакси барлығына бірдей үлгере бермейді. Алдын ала тапсырыс беріп ұзақ күтесің. Сондықтан тағдыр тауқыметін тартқан жандар өз беттерінше амалын тауып, діттеген жерлеріне жетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!