Астанада "ЭКСПО"-дан пайда тапақ болған кәсіпкерлер тақырға отырды
Астанада халықаралық көрме кезінде тауарын сатқан кәсіпкерлер, не тауарын, не ақшасын қайтара алмай жылап жүр. Өйткені, барлығы заттарын отандық өнім сатылатын «Халық маркасы» дүкеніне қойған екен. Бірақ, сауда орнының қожайыны, қазақстандық брендтерді сатқанымен, ақшасын иелеріне қайтармапты. Дауға қалған дүкен қожайыны болса шетел асып кеткен дейді наразы топ.
Автор: Досжан Маратұлы
21.02.2018
Дауға айналған халық маркасы дүкені осы. Сауда орны «Экспо» көрмесіне қарсы ашылып, мұнда тек, отандық тауарлар сатылған. Бірақ, кәсіпкерлерді қолдауға арналған дүкен соңғы 4 айдан бері жабық тұр.
-«Көрме» кезінде мұнда нағыз қызыған сауда болған. Әсіресе, экспоны көруге келген қала қонақтары мен туристер ұлттық өнімдерді көптеп алыпты. Бірақ, қазір қазақстандық сол тауарлардан кәдесыйлар, киімдер пен мынадай шұлық секілді ұсақ-түйек заттар ғана қалған.
Ал, кәсіпкерлер осында тауарымызды қойып, алдандық дейді. Соның бірі - Гүлшат Байбосынова. Кәсіпкер әйел Шымкентте тігілетін ерлердің костюмын осы сауда орнына әкеп тапсырған екен. Бірақ, дүкен иесі киімді сатқанымен, ақша бермеген.
ГҮЛШАТ БАЙБОСЫНОВА, ТІГІН ФАБРИКАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
-Басында жап-жақсы басталды бәрі. Келісім бойынша сатады. Өзінің келісімімен ақшамды қайырып тұрды. Бірақ, 3-4 ай өтті. Кішкене ақшаның өзін бермеді. Қазақша айтқанда аяқ жағы сұйық болып кетті. Неге жол беру керек мұндай заңсыздыққа?Біз ол кісінің ақшасын сұрап тұрған жоқпыз ғой.
Жалғыз Гүлшат емес, мақтауы асырылған дүкенге тауарымызды қойып, алдандық деген кәсіпкер саны 20-ға жуық. Барлығы сандық, домбыра, секілді қолөнер бұйымдарынан бастап, киім-кешек, азық түлік шығарумен айналысады. Айтуларынша, «»халық маркасы» иесі 20 миллион теңгеден астам қарыз.
ЖАҢАРҒАН ҚАРАБАЛА, КӘСІПКЕР:
-Римма Тәжібаевамен «Экспоға» дейін таныстық. Ол кісі өзі ұсыныс жасап, экспо басталғалы бері тауарларымызды қойдық. Тамыз айына дейін жартысын беріп жүрді. Бірақ, тамыз айынан кейін ақшамен есеп айырысуды тоқтатты.
Тақырға отырған бизнесмендер халық маркасының иесі Римма Тәжібаева қазір Ресейде қашып жүргенін айтады. Телефонына қоңырау шалсақ, расында Мәскеуде жүр екен. Кәсіпкерлерге қарыз екенін мойындап отыр. Бірақ, қазір қайтаратын ақшам жоқ деп қысқа қайырды.
-Сіз тура қазір қайдасыз өзі?
- Шатағыңыз қанша қайда екенім?
–Сізде шатағым жоқ, ақшамды алсам сізді мазаламас едім ғой.
–Қазір менде ақша жоқ!
–Қашан болады?
-Болған кезде мен сізге хабарласам.
Негізі дауға қалған Римма Тәжібаева бұған дейін талай рет баспасөз жиынын өткізіп, отындық бредті шетелге танытумен айналысатынын айтқан еді. Сол үшін «Халық маркасы» науқанын да өткізген болатын. Бірақ, енді кәсіпкерлерді қолдауы тиіс ірі жоба құрдымға кеткен сыңайлы. Ал, бизнесмендер 20-миллион теңгеден астам қарызы бар келіншектің үстінен полицейлерге арызданып қойған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!