Ұлттық банк төрағасы несие алмауға кеңес берді
Президенттің қатаң сынына ұшыраған Данияр Ақышев қателікті қайталамау үшін барын салуда! Бас банкир проблемалық банктер мәселесін шешу жолында кешіккенін мойындады. Ал, қазір квазимемлекеттік сектордың қаржысын тағы тиімсіз пайдалануға жол бермеу үшін жаңа заң жобасы дайындалған. Ол Үкіметте қаралуда. Бұл туралы бүгін Ақышев өткізген онлайн-конференцияда айтылды. Онда төраға халықтың өзге де көкейтесті сұрақтарына жауап берген.
22.02.2018
Бүгін Бас банкирге жан-жақтан сұрақ жауған күн болды. Айналасы 10 күннің ішінде ғана оған тұрғындардан 300 сұрақ жолданыпты. Оның басым бөлігі отандық банк секторына қатысты. Банк демекші, екінші деңгейлі қаржы ұйымдарының шиеленіскен мәселесіне келгенде Ұлттық банктің жайбасарлығына жуырда Елбасының шүйліккені есте. Мемлекет ақшасы қолды болып жатқанда, Ұлттық банктің еш әрекет етпей отырғаны Президенттің ашуын тудырған. Ал, Данияр Ақышев өз қателігін мойындап отыр. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сондықтан, кеткен олқылықты қайталамау үшін төраға барын салуда.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Елбасының сыны орынды. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің 2008-2009 жылдары жиналып қалған мәселесін шешу жолында айтарлықтай кешікті. Квазимемлекеттік сектордың ақшасы сенімсіз банктерге қалай түскенін жеке анықтаймыз.
Квазимемлекеттік компаниялардың қаржысын тағы тиімсіз пайдалануға жол бермеу үшін жаңа заң жобасы дайындалған. Оны қазір Ұлттық банк Үкіметпен бірге талқылау үстінде. Бас банкирді Президент сынаса, Ақышевтің өзі бүгін қаржы саласындағы сарапшыларды жерден алып, жерге салды. Тіпті, теңгеге қатысты болғам жасаушылардың бар мақсаты - қоғамда дүрбелең тудыру деп айыптады.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Жұртқа негативті болжам ұнайды. Бірақ, соны жасап жүрген сарапшылардың көбі қаржы саласын дұрыс білмейтін болып шықты. Оны уақыт көрсетті. Долларға қатысты теңге бағамы 400-ге жетеді деген сөздердің ешбірі қисынға келген жоқ.
Жалпы Бас банкир ел экономикасындағы дәл қазіргі жағдайды тұрақты деп есептейді. Жыл басталғалы инфляцияның төмендеуі байқалыпты. Ал, теңге 2 айда бірден 4 пайызға нығайған. Әсіресе, төл ақшамызға деген сұраныс қаңтарда арта түсіпті.
Тұрғындардың көкейінде жүрген тағы бір сауал - өзге банкоматтан қолма-қол ақша суырып алғандағы комиссияға қатысты болды. Сөйтсек, қаржылық операция үшін ақша ұстап қалу заңды екен. Өйткені, қаржы ұйымының қызмет көрсету кезіндегі шығынын жабу керек. Десе де, Ұлттық банк комиссия көлемін төмендетуге тырысып бағуда. Жұрт жаппай мобильді төлемге көшсе, бұл мәселе де жойылады дейді төраға. Бүгін спикер халыққа басқа да кеңестер берді. Шама келсе несиеге жоламаған дұрыс дейді ол.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Біріншіден, ақшаны үй емес, банкте сақтаған жөн. Өйткені, бұл қауіпсіз, әрі ақшаның түгел сақталуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, Ұлттық банктің лицензиясы жоқ компанияларға сенбеу керек. Ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар. Төртіншіден, несие алмаған жөн.Шама келсе, кредитсіз өмір сүретін жол іздеңіздер.
Банктердің жұмысында келеңсіздік туып, жұрт ақшасын уақытылы ала алмай қалатын жағдайлар жиі болып жүр. Артынша мәселе шешілгенімен, олқылықтың себебі сол күйі айтылмай қалады.Сөйтсек бұл салымшылардың сенімінен айырылмау үшін жасалады екен. Ал, келеңсіздіктің неден болғаны жарияланса, арты банктердің дағдарысымен аяқталуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!