СҚО-да әрбір үшінші білім ордасы жабылудың алдында тұр
Өйткені бұл мектептерде бала саны жыл өткен сайын азайып барады. Бұған елдегі ішкі және сыртқы миграцияны кінәлап отырған шенеуніктер қазір оңтүстік өңірлерді өздері аралап, мектеп жасындағы баласы бар отбасыларын теріскейге көшуге үгіттеп жүр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
22.02.2018
Мынау Мағжан Жұмабаев ауданы, Сулышоқ ауылының орталау мектебі. Талап бойынша бұл білім ордасында 41 баладан кем болмауы тиіс. Ал қазір мұнда 13 бала білім алып жүр. Шағын ғимаратта үш сынып, спорт залы, асхана бар. Мұғалімдердің бөлмесі атымен жоқ. От жағатын жер де талапқа сай емес, мектеп ішінде орналасқан. Бастауыш сыныптарда екі- үш баладан ғана бар. Ал 5 пен 9 аралығындағы сыныптарда тек бір-бір ғана оқушыдан. Келесі жылы біріншіге баратын бүлдіршін мүлдем жоқ.
Гүлмайра Бектенбаева, мектеп директоры:
-Бес-алты жыл болды мектепте бала саны азайып жатқанына. Өткен жылы 2017 жылы бізге оңтүстіктен 2 отбасы келді.Солардың арқасында балаларға оқушылар қосылды. Әкімшілік сол бағытта жұмыс істейді.
Былтыр 13 оқушының 8-і өзге ауылға көшіп кеткен екен. Абырой болғанда оңтүстіктен келген екі отбасы бұл жоқтың орнын толтырып, мектеп жабылмай қалған. Солардың бірі – шағын орталықтың мұғалімі Әйгерім Секембаеваның 4 баласы осы мектепте. Алыстан ат арытып жеткенде, мектеп жабылса тағдырымыз не болмақ дейді ол.
Әйгерім Секембаева, Сулышоқ ауылының тұрғыны:
-Жабыла қоймас деп ойлаймын. Көшіп келетін шығар тағы. Балалар бар қиын ғой.
Мектеп жабылса, ауылда ешкім қалмайтынын түсінген жергілікті әкім де бұл ретте қолдан келгенді жасап жатырмын дейді. Әйтпесе, өзге ауылдарға жұртты көшіру, жұмыссыз қалатын 20 мұғалімді қызметке орналастыру үлкен әлеуметтік мәселе болатыны белгілі. Енді әкім бар үміт оңтүстіктен келетін ағайында деп отыр.
Ғалымжан Абайұлы, Успенка ауылдық аймағының әкімі:
- 2018 жылы көктем, жаз айларында оңтүстік өңірден 5 отбасын күтіп отырмыз. Осы Сулышоқ ауылына 5 отбасы келсе, мектепке орналастырып, оқушылар, мектебіміз сақталып қалады.
Тек осы Мағжан Жұмабаев ауданында ғана 45 мектептің жартысынан астамының тағдыры қыл үстінде. Онсыз да 28 мектептің оқушылары боранды- борансыз күндері автобуспен өзге ауылға тасылады екен. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы адам іздеп, оңтүстікке жол жүріп кетіпті.
Талғат Қарабаев , Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Қазір біздің басшымыз оңтүстік облыстарда іссапармен жүр. Ондағы мақсаты--мектеп жасындағы балалары бар жас мұғалімдерді жұмысқа шақыру. Бұл кадр тапшылығы мәселесін ішінара шешіп, бала саны аз мектептер үшін де жақсы болар еді.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 700-ден астам елді мектен бар десек, соның әбір үшінші ауылындағы мектеп талапқа сай келмейді екен. 45 ауылда мүлдем білім ордасы жоқ. Бұл – сонмаша елді мекен жер бетінен мүлде жойылды деген сөз. Біз айтқан Успенка ауылдық аймағының өзінде соңғы он жылда бес ауылдың екеуі ыдырап кетіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!