Ақышев жұртқа несие алмай өмір сүруге кеңес берді
Президенттің қатаң сынына ұшыраған Данияр Ақышев қателікті қайталамау үшін барын салуда! Бас банкир проблемалық банктер мәселесін шешу жолында кешіккенін мойындады. Өйткені, қаржы ұйымдарының жылдар бойы іске асырып келген құйтырқы әрекеті жақында ғана әшкереленіпті. Енді квазимемлекеттік сектордың қаржысын тағы тиімсіз пайдалануға жол бермеу үшін жаңа заң жобасы дайындалған. Ол Үкіметте қаралуда. Бұл туралы бүгін Ақышев өткізген онлайн-конференцияда айтылды. Онда төраға халықтың өзге де көкейтесті сұрақтарына жауап берген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.02.2018
Бар-жоғы 10 күннің ішінде Бас банкирге тұрғындардан 300 сұрақ жолданған. Бүгін ол соған 3 сағат бойы жауап берді. Сауалдардың басым бөлігі отандық банк секторына қатысты. Екінші деңгейлі қаржы ұйымдарының шиеленіскен мәселесіне келгенде Ұлттық банктің жайбасарлығына бұған дейін Елбасының да шүйліккені есте. Мемлекет ақшасы қолды болып жатқанда, Ұлттық банктің еш әрекет етпей отырғаны Президенттің ашуын туғызған. Ал, Данияр Ақышев өз қателігін мойындап отыр. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сондықтан, кеткен олқылықты қайталамау үшін төраға барын салуда.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Елбасының сыны орынды. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің қордаланған мәселесін шешу жолында айтарлықтай кешікті. Статистика көрсеткендей, проблемалық портфелдің 90 пайызын қаржы ұйымдары 2006-2015 жылдар аралығында берген. Яғни, несие ресурсын дұрыс басқармаса да, жұмыстарын жалғастыра берген.
Әрі қаржы ұйымдарының құйтырқы әрекеті жақында ғана әшкереленген. Енді квазимемлекеттік компаниялардың қаржысын тағы тиімсіз пайдалануға жол бермеу үшін жаңа заң жобасы дайындалыпты. Оны қазір Ұлттық банк Үкіметпен бірге талқылауда. Бас банкирді Президент сынаса, Ақышевтің өзі бүгін қаржы саласындағы сарапшыларды жерден алып, жерге салды. Тіпті, теңгеге қатысты болжам жасаушылардың бар мақсаты - қоғамда дүрбелең тудыру деп айыптады.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Жұртқа негативті болжам ұнайды. Бірақ, соны жасап жүрген сарапшылардың көбі қаржы саласын дұрыс білмейтін болып шықты. Оны уақыт көрсетті. Долларға қатысты теңге бағамы 400-ге жетеді деген сөздердің ешбірі орындалған емес.
Бас банкир ел экономикасындағы дәл қазіргі жағдайды тұрақты деп отыр. Жыл басталғалы инфляцияның төмендеуі байқалған. Ал, теңге 2 айда бірден 4 пайызға нығайыпты. Әсіресе, қаңтарда төл ақшамызға деген сұраныс артқан. Алдағы уақытта да нарықтағы жағдай бірқалыпты болады дейді спикер. Тұрғындардың көкейінде жүрген тағы бір сауал - өзге банкоматтан қолма-қол ақша суырып алғандағы комиссияға қатысты болды. Сөйтсек, қаржылық операция үшін ақша ұстап қалу заңды екен. Өйткені, қаржы ұйымының қызмет көрсету кезіндегі шығынын жабу керек. Десе де, Ұлттық банк комиссия көлемін төмендетуге тырысуда. Бүгін Бас банкир халыққа өз кеңесін де берді. Ол барынша несиеге жоламаған дұрыс дейді. Бұл әсіресе зейнеткерлерге қатысты айтылған.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Біріншіден, ақшаны үй емес, банкте сақтаған жөн. Өйткені, бұл қауіпсіз, әрі ақшаның түгел сақталуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, Ұлттық банктің лицензиясы жоқ компанияларға сенбеу керек. Ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар. Төртіншіден, несие алмаған жөн. Шама келсе, кредитсіз өмір сүретін жол іздеңіздер.
Банктерде келеңсіздік болып, клиент шоттағы ақшасын уақытылы ала алмай қалатын жағдайлар жиі болып жүр. Артынша мәселе шешілгенімен, олқылықтың себебі сол күйі айтылмай қалады. Сөйтсек, бұл салымшылардың сенімінен айырылмау үшін жасалады екен. Ал, ақпарат жария болса, арты банктердің дағдарысымен аяқталуы мүмкін. Сондай-ақ, Бас банк басшысы қаржы пирамидалары мен криптовалютадан аулақ жүру керектігін ескертті. Өйткені, пайда табамын деп, әпсәтте тақырға отыруыңыз мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!