Елімізде қояншық ауруына шалдыққан балақайлар жаппай дәрісіз қалды
Сырқаттарға мемлекет есебінен тегін берілетін препараттарды балалар үш айдан бері алмай жатыр. Осының кесірінен, аурлары үдеп барады. Ал бұл ауруға қарсы қымбат дәрілер дәріханаларда мүлде сатылмайды. Сондықтан, титықтаған ата-аналар несиеге қарыз алып, оны шетелден өздері алдырып жатыр. Ал, құзырлы орын өкілдері болса бәрінің себебін мемлекеттік тапсырыстың кешеуілдеуімен байланыстырады.
Автор: Аруна Ортай
22.02.2018
Бұл телефон шырылдап көмек сұраған ата-аналардың хабарламасына толып қалған. Астана, Орал, Қостанай дейсіз бе, еліміздің түкпір-түкпірінен отбасылар қояншықпен ауыратын балаға дәрі таппай, шыр-пыр болуда. Солардың бірі – Гүлнәр Құсайынова. Семей қаласының тұрғыны жар дегенде жалғыз немересінің жаны қиналғанын көріп, өзін қоярға жер таппапты.
Гүлнәр Құсайынова Семей қаласының тұрғыны:
-Дәрі ішпесек, ауруы қозады. Талмасы ұстай жөнелгенде жанымыз көзімізге көрінеді. Немерем ана дүниеге өзімнен бұрын аттанып кете ме деп зәрем ұшады. Бұлай қинауға болмайды ғой? Үш айдан бері дәрі берілген жоқ. Тегін нәрсені бермей, әбден қинап бітті.
10 жасар Мәлика үшін бұл ақ түйіршіктер ауадай қажет. Кеселдің салдарынан қол аяғы істемей қалған қаршадай қыз оларды күнделікті қабылдамаса бірден талмасы ұстайды. Егер дер кезінде дәрісін ішпесе, тынысы тоқтайды. Сорақысы сол, осындай алтынға бергісіз препарат дәріханаларда сатылмайды. Тек мемлекеттік тапсырыспен Еуропадан әкелінеді. Алайда, ата-аналардың айтуынша, дәрігерлер үш айдан бері «дәрі жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр екен.
Назерке Әкімханова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Бір дәрінің өзі 48 мың теңге тұрады. Әр адамның қолынан келе бермейді ондай ақша. Баланың ақшасы тек дәрісіне кетіп жатыр. Бір дәрі бір айға ғана жетеді. Үш ай болды алмағанымызға дәріні. Министрға жазып едік, «жауабы болады, қаңтар айында болады» деп келді. Сонымен «наурыз айында болады» деп келді. Бірақ олай күтіп отыратын баланың жағдайы жоқ.
Ақырында Назерке Әкімханова дәріні өзі шетелден алдырған. Баласынан артылғанын басқа бүлдіршіндерге бөліп беріп жатыр екен. Ал басқа ата-аналар болса, дәріні банктен несие алып сатып алып жатыр дейді осы талма ауруына қарсы қоғамдық қор өкілдері.
Мәдина Бейсембаева, «Кең жүрек» қоғамдық қорының басшысы:
-Денсаулық сақтау министрлігі тек уәде берумен келеді. Әрине, өздерінің басында болмаған соң біздің балалар үшін жаны қайдан ауырсын. Бірақ біз артық еш нәрсе сұрап жатқан жоқпыз ғой? Өзімізге тиесілі тегін дәріні бермей жатыр. Кешіктіруге болмайтынын өздері жақсы білді ғой. Сонда отырғандардың барлығы медицинадан хабары бар адамдар.
Эпилепсия ауруымен бір ғана Алматыда 3 мыңнан астам бүлдіршін ауырады екен. Ең кішкентайы – небәрі бір ай бұрын туылған шақалақ. Бірақ неге екені белгісіз ата-аналарынан шағым қарша бораса да, еліміздің бас дәрігері бүлк етпей отыр. Қояншық ауруының уақыт күтпейтінін білгенмен, ата-аналарға тендерді тосқаннан басқа амал жоқ дейді жауапты мекеме өкілдері.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!