Астаналық зейнеткерлер электронды жол жүру билетіне таласуда
Астаналық зейнеткерлер электронды жол жүру билетін алу үшін таңнан қара кешке дейін кезек күтуге мәжбүр. Өйткені, әкімдік қоғамдық көліктерде тегін қатынайтын зейнеткер, мүгедектер және көпбалалы аналар жеңілдігі бар кітапшасын тегіс карточкаға ауыстырсын деп талап қойған. Әйтпесе, автобусқа мінгенде ақы төлеуге тура келеді. Шенеуніктердің айтқанын бұлжытпай орындауға жанталасқан жұрт карточка үшін кезекке таласып, бір-бірімен айтысып, тартысуда.
Автор: Жәудір Оразхан
23.02.2018
Жүздеген зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі жан бірнеше күннен бері «Астана LRT» компаниясының есігіне телміріп жүр. Автобуста жол жүруге арналған электронды карточканы Елордадағы қоғамдық көліктерге жауапты осы мекеме ғана береді. Адамның көптігі сонша, ғимараттың кіре берісінде ине шаншыр жер жоқ.
Астаналықтарды аяқ асты электронды карточкаға тәуелді қылып қойған кондукторлар екен. Жеңілдігі бар жолаушылардың қолындағы кітапшаларына қарамай автобустан түсіріп тастайды дейді тұрғындар.
Айша Мейірбекова, Астана қаласының тұрғыны:
-41- автобус. Мысалы, документіңді көрсетіп, барлығын айтып тұрсаң да түсіріп жібереді. Ол дұрыс емес қой. Документті бостан босқа бермейді ғой. Қолымнан тартып алып, мені суретке түсіріп, бір преступник сияқты болып қалдым да. Ол бір рет емес. Көп адамның басынан қайталанып жатыр.
Ал кейбір кондукторлар жолаушыларға 1-наурызға дейін уақыт беріпті. Көктемде электронды карточкасы жоқ зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулік жандар мен көпбалалы аналар автобусқа мінсе, теңге төлеуі тиіс. Мұны естігендер кітапшаларын көтіріп, «Астана LRT» қарай ағылуда.
- Мына кісі 233 болса, біз 288. Кешке дейін бола ма, болмай ма бір Алла біледі. Енді сол 1-не дейін деп жатыр. Жүрген сайын кондукторлар жүргізбей жатыр, алыңыздар деп.
Кезек күтіп тұрғандардың көбінің денсаулығы жоқ. Егде тартқан адамдар болғандықтан бірінің басы ауырып, енді бірінің балтыры сыздайды. Кейбірі дәрет сындыра алмай қысылып отыр. Компания дәретхананы тас жауып тастапты. Ақысын төлегендерге ғана есігін ашады.
-Туалет ақылы деп жатыр, 50 теңге дейді. Мәселен, сахарымыз бар, өліп бара жатырмыз су ішкіміз келіп.
Ал Астанаға аймақтардан көшіп келгендер зейнеткерлердің жағдайы тіпті қиын. Елордада тіркеуде тұрмаған қарттарға карточка мүлдем берілмейді. Олардың кітапшасы да жарамсыз.
-Конукторлар бәле қылып жатыр ғой.
- Кондукторлар тек қана Астана қаласында тұратын тұрғындарға ғана... -Енді не біз қайта көшуіміз керек пе ауылға?
-Иә, ауылдан құжаттарыңызды әкеп, тіркейсіз.
Қоғамдық көлікте тегін жүруге рұқсаты бар тұрғындардың бірден белсенді бола қалғанына «Астана LRT» компаниясындағылардың өзі аң-таң. Тіпті, жолаушыларды дауырқтырып қойғандарды жазалаймыз дейді. Яғни, бар кінә ешкімнің бұйрығынсыз, өз беттерінше шешім қабылдап, елді шулатып жүрген кондукторларда екен.
Дәурен Нұрәлиев, «АстанаLRT» Төлем жүйелері департаментінің директоры:
- Кейбір кондукторлардың салдарынан, солардың айту себебінен осы карточканы алу керек дегенінен осы адамдар тездеп келуі, адамдардың жиналуы осыған соқтығып отыр.Бірақ бұл карточканы дайындауға еш қиындығы жоқ негізінде. Кеше 800 дей жеңілдік санатындағы адамды өткіздік. Есептеуім бойынша, 1 айдың ішінде не екі жұманың ішінде адамдардың бәрі алып алады деп ойлаймын.
Жалпы, Елордада 114 мың адамның жеңілдігі бар. Оның 80 мыңы карточка алған. Егер зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы аналар жаппай электронды билетке ауысса, жолаушылардың санына сараптама жасауға мүмкіндік туар еді дейді шенеуніктер.Қоғамдық көліктерге бөлінетін қаржының да көлемі соған байланысты болады. Ал Астанада жеңілдігі бар кісілерді тегін тасымалдауға жылына 1 жарым миллиардқа жуық теңге бөлінеді екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!