Тікелей эфир: Төртінші мұнай өңдеу зауыты қашан салынады?
Елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытының қашан және қайда салынатыны күзге қарай белгілі болады. Бұған дейін үш зауыт та ішкі нарықты жанармаймен жарылқайды деуден танбаған Энергетика министрлігіндегілер президенттің ескертпесінен төртінші кәсіпорынды салуға білек сыбана кірісіп кеткен. Ал құрылысқа қатысты соңғы шешім екінші жарты жылдықта шығуы тиіс дейді Қанат Бозымбаев. Қазір, тиісті құжаттар әзірленіп, дайындық жұмыстары жүріп жатыр екен.
Автор: Досжан Маратұлы
23.02.2018
Тапшылықтан құтыламыз деп сендіріп отыр шенділер. Жалпы, жанармай шығарытын төртінші зауытты салуға осы бензин мен дизель отындарының жетіспеушілігі себеп болған.Өйткені, қазір қолданыстағы үш зауыт бірінен соң бірі жөндеуге жабылып, талай тапшылық болғаны белгілі. Қазірдің өзінде Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстары толық аяқталмаған. Сондықтан тапшылықтан көз ашпай, талай рет сөз естіген Қанат Бозымбаевтың төртінші кәсіпорын салудан басқа амалы қалмаған сияқты. Бірақ, бензин, солярка тіпті керосинге дейін шығарады делінген өндіріс орны нақты қашан салынатыны әзірге белгісіз.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
-Қазір төртінші зауытты салу ісімен айналысып жатырмыз. Зерттеу көрсеткендей, 3-4 жылда елімізде жанармай тапшылығы бұдан да арта түсуі мүмкін. Сондықтан, қазірден мұның алдын алуымыз керек. Кезекті кәсіпорынның қайда және қашан салынатыны екінші жартыжылдықта белгілі болады.
Осы салынуы тиіс төртінші кәсіпорында к4, к5 санатындағы жоғары октанды бензин шығарылады деп жоспарланған. Әрі солярка мен бензиннің ішкі сұранысын 100 пайыз өзіміз қамтамасыз етеміз. Яғни, қазіргідей жетпегеннін Ресейден тасымаймыз дейді министр. Бірақ, Қанат Бозымбаев жанармай бағасына қатысты болжам жасап ештеңе айтпады. Министр тек біздегі баға өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан екенін жеткізді.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
-Әлем бойынша бензин бағасы арзан елдердің тізімінде Қазақстан 15-ші орында тұр. Яғни, қолданыстағы Ай-92 161 теңге тұрады. Ал, ТМД елдерінің ішінде екінші орындамыз. Бұл тізімде Түркіменстанның жанармай бағасы ғана біздікінен төмен.
Қазір әлемдегі ең арзан бензин Венесуелада екен. Онда жанармайдың литрі - 32 теңге. Ең қымбаты Исландияда. Ондағы баға литріне 650 теңге. Ал біздегі 161 теңге арзан деген Бозымбаевтың мәлімдемесіне қарағанда, бензин енді арзандамақ түгілі тағы қымбаттай түсуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!