«Дегдар» қоры балалар үйлеріне көмек көрсетті
Солтүстік Қазақстандағы Соколов елді мекеніндегі осындай мекеменің асхана жабдығы толығымен жаңартылды. Бұл қордың жуырда ұйымдастырған «Сиқыр әуені» атты қайырымдылық концерттен түскен қаржыға жасалған.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
26.02.2018
Соколов балалар үйінің аспазшылары бірнеше күннен бері су жаңа қондырғыларда жұмыс істеп үйреніп жүр. Мұндай ас пісіретін, нан жабатын пештер, ауа тазартқыш, тоңазытқыштар бұрын аспаздардың өңі түгілі түсіне кірмеген. Еуропа мен Ресейде шығарылған бұл дүниелердің әрқайсысының 10-15 түрлі функциясы бар екен.
Светлана Кереева , аспаз:
-Көкөніс турайтын аспапты 20 жыл бойы армандап келіп едім. Балаларға дәрумендер керек қой. Мұздатқыш та жақсы болды. Құрбан айтта бізге көп кісілер ет әкеледі. Бұрын оны сақтайтын жер таппай әуре болушы едік. Енді жақсы болды.
Жаңа ас үй техникасының арқасында балалардың күнделікті мәзірін түрлендіріп, не бір тәттілермен қуантпақшы. Бұның бәрі «Сиқыр әуені» қайырымдылық концертінен түскен ақшаға алынған.
Жанат Сексембаев, «Дегдар» гуманитарлық қорының үйлестірушісі:
-Сол концерттен біздің қорға 50 миллион теңге ақша түсті. Жаңажылдық сыйлықтардан кейін біраз қаржы қалып қойды. Соны балалар үйінің басшылармен ақылдасып, оларға осындай сый жасадық.
Сондай –ақ, интернатқа су жаңа интерактивті тақта да жеткізілді. Ол арқылы барлық пәнді оқытуға болады екен. Әсіресе, шет тілін меңгеруге таптырмайтын дүние дейді ұстаздар. Қор Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубына да төрт жылдан бері ұдайы көмектесіп тұрады. Осы жолы олар спортшыларға 4 жұп қымбат шаңғы сыйлады. Биыл теріскейліктер тұңғыш рет Пиоңшаңда өтетін паралимпиадалық ойындарға жолдамалар ұтып алыпты. Қазір спортшылар Алматыда жаттығып жүр.
Мария Дробязко, жаттықтырушы:
Бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. Біздің 4 шыңғышымыз паралимпидалық ойынға жолдама ұтып отыр. Мына шаңғылардың бәрі солардың бойына, жасына, салмағына арналып әдейі жасалған. Бұл өте керемет және дер кезінде жасалған көмек.
Спорт жабдықтарының бәрі қымбат екендігі белігілі. Ал мүмкіндігі шектеулі жанның оны өз ақшасына сатып алуы екіталай. Мысалы, шаңғының бағасы 130-150 мың теңге арасында. Ал спортшыға кем дегенде 3-4 жұп керек. Мысалы, кеше аяқталған Олимпидада ел үмітін ақтай алмаған Алексей Полтораниннің 200 жұп шаңғысы бар екен. «Үміт» клубының 4 мүшесі 8 наурыз күні Пиоңшаңда ашылатын паралимпиадада «Дегдар» әперген шаңғыларды киіп, жарысқа шықпақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!