Шучьеде мемлекеттік бағдарлама бойынша жөнделген шатырдың тас-талқаны шықты
Ақмола облысының Щучье қаласында тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы төңірегінде тағы шу шықты. Мемлекеттің 12 миллион теңгесіне күрделі жөндеу жасатқан шенеуніктер тұрғындарға 5 жылдан кейін төлем түбіртектерін таратқан. Ал осы жылдар бойы жөндеуден кеткен олқылықтарды реттеу үшін жұрт талай табалдырықты тоздырған. Тіпті сотқа да шағымданыпты. Жұмсалған ақшаны төлеуге де дайынбыз, тек қалай болса солай жасалған құрылыс жұмыстарын дұрыстап берсін дейді олар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
26.02.2018
Тұрғындар таң-тамаша. Үйді олар қабылдап алмаған. Өйткені күрделі жөндеу деген аты болмаса, заты мынау. Есіктері жұлынған, қабырғасы жырым-жырым. Тұрғындар қыруар қаржы жұмсалып, жөндеу жасалып жатқанда құрылысшылардың салдыр-салақ жұмысына көңілдері толмайтынын бірден айтқан. Бірақ әкімдіктегілер құлақ аспапты. Іс бітті, ақшасын алып қу кетті деп жөндеуден соң да талай құзырлы органдарға шағымданған.
Олег Окольздаев, Щучье қаласының тұрғыны:
-Прокуратура да тексерді. Бірақ бізге жөнді жауап берген жоқ. Сабылып әділдік іздегелі 5 жыл уақыт өтті. Бізді әкімдер тыңдағысы да келмейді. Шығынды төлеуге дайынбыз. Тек жіберген кемшіліктерді реттесін. Осындай жөндеу бола ма? Қайта үйдің бұрынғы күйі жақсы еді.
Бәрінен бұрын 5 қабатты үйдің бұрынғы шатыры жақсы еді дейді. Қазір, міне, шұырқ-тесік жерден қар кіріп жатыр. Әр жерден қойылған тіреу, қалт- құлт етеді. Қатты желде ұшып кетуі де ғажап емес дейді жұрт. Мердігер компания жөндеу жұмыстарынан кейін құрылыс қалдықтарын да жинамай кеткен.
-Шатырдан сыртқа ағатын суағарлар да жасалған. Бірақ жаз бойғы жаңбырда су бұл трубалардан емес, өз бетімен ағып, үйдің қабырғалары малмандай болыпты. Осыдан дым тартып, үйге көгерген иіс келіп тұрады. Бұл жағдай қар ерігенде тағы да қайталануы мүмкін дейді тұрғындар.
Бір қызығы, күрделі жөндеуді құрылысшыларды жалдап, «Тазалық Сервис» коммуналдық мекемесі жүргізген. Ал шағымданушылар коммуналдық қызметтің мұндай іспен айналысқанын бірінші рет көрдік дейді. Атқамінерлер болса, бәрі заңды екенін айтады.
Айбек Айтбаев, «Бурабай аудандық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
-Бұл іспен айналысып жатырмыз. Сот арқылы тұрғындардан ақшаны қайтарып аламыз. Қабылдау актісіне қол қойылған. Ешқандай олқылық жоқ. Тазалық мекемесінің құрылыс жасауы да заңды.
Тұрғындардың осы жауапты естіп тұрып, езу тартқаннан басқа амалы болмады. Дегенмен, құрылыстағы олқылықты бәрібір сотта дәлелдейміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!