Ақмола облысында оқушы баланы ұрған әкімге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ақмола облысында сегізінші сынып оқушысын сабап тастаған ауыл әкімі қызметінен шеттетілді. Жанат Омаров ұлына қол көтерген 14 жастағы жасөспірімнен өш аламын деп, жуан жұдырығымен төмпештеп тастаған. Басынан жарақат алған Диас Мұқан қазір Астанада ем алып жатыр. Ал, басы бәлеге қалған Қорғалжын ауылдық округі әкімі енді біржола мемлекеттік қызметпен қош айтысуы мүмкін. Шатақ неден шықты?
Автор: Досжан Маратұлы
26.02.2018
Әкімнен таяқ жеген сегінші сынып оқушысы міне. Диас Мұқанның миы шайқалып қатты шошынып қалған. Төсектен тұруға болмайды. Қазір ауылдан Астанаға жеткізіліп, осындағы балалар ауруханасында ем алып жатыр. Айтуынша, оны Қорғалжын ауылдық округінің әкімі сабап тастаған.
Диас Мұқан, зардап шегуші:
-Жүгіріп келді да жағымнан соқты. Мен орындығыммен құладым да басымды тумбочкаға соғып алдым. Сол кезде мен есімді білмедім талып қалдым. Есімді жиған кезде балалар айтты. Басымнан үш рет теуіп кеудемнен бір рет теуіпті.
Төрт күн бұрын Қорғалжын ауданында болған жантүршігерлік жайтқа оқушылардың төбелесі себеп болған. Осындағы мына мектепте оқитын Диас Мұқан үзіліс кезінде өзінен бір сынып төмен оқитын баламен шекісіп қалған. Сөйтсе, таяқ жеген жасөспірім әкімнің баласы болып шығыпты.
ШАМБЕКОВ ҚАЗЫБЕК, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
-Әкімнің баласын интернатта жатқан бала ұрады. Кабинетке кіргізіп алады. Екінші бала алады да есікті жауып тұрады. Ана бала ұрады екен. Не үшін ұрдың деген сұрақ туындады ғой? Не үшін десек, ол бала менің інімді жұма күні иығымен қағып кетті дейді.
Бауыры үшін лауазымды шенеуніктің баласымен жаға жыртысқан Диас кейін мектептің жанындағы интернатқа кетіпті. Ал, көзі көгерген жетінші сыныптың оқушысы болған жайтты әкім әкесіне айтып берген.
-Бұл Диас Мұқанның интернаттағы бөлмесі. Төбелестен кейін сегізінші сынып оқушысы осы бөлмесіне келіп отырған екен. Бірақ, сол кезде ашулы әкім жетіп келіп, ұлы үшін 14 жастағыоқушыдан өш алған.
Еңгезердей еркектің өрімдей оқушыны сабап жатқанын мектеп директорының орынбасары көріпті. Айтуынша, Жанат Омаров расымен баланы басынан ұрып, аяғымен тепкен екен. Мұны әкімнің өзі де мойындап отыр. Бірақ, Диастың анасы атқамінерді кешірмеймін дейді. Полицияға да арызданып қойған.
АЙГҮЛ БЕКЖАНОВА, ДИАСТЫҢ АНАСЫ:
-Ата-ана ретінде әділ жазаның болғанын қалаймын. Жазадан құтылып кетпесе екен. Баламның сондай жағдайда жатқанын, ауруханаға түскенін ешкім маған хабарлаған жоқ.Бала қорқып кетіп құлап қалған шығар деп ойладым. Кімнің тепкенін, қай адам тепкенін ішкі істер бөліміне барғанда бір-ақ естідім.
Күллі елді шулатқан оқыс оқиғаға депутаттардың да назарынан тыс қалған жоқ. Балалардың құқығын қорғайтын омбудсмен Зағипа Балиева әкімнің жазасыз қалмайтынын айтып отыр.
ЗАҒИПА БАЛИЕВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
-Әкімге және құқық қорғау орындарына тиісті құжаттарды жібердім. Оның тәртібі тәртіптік кеңесте қаралады. Жазаға тартылады.
Ал, дауға қалған Жанат Омаров қазір жұмысынан шеттетілген. Белгілі болғандай ол жарты жыл ғана әкім болып жұмыс істеген. Қазір дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Яғни, қасақана денсаулыққа зиян келтіру бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Әкімнің мемлекеттік қызметтегі тағыдырын тәртіптік комиссия шешеді. Әзірге ол жұмысынан уақытша шеттетілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!