Оңтүстікте жас жігіт анасы мен келіншегін пышақтап тастады
Оңтүстік Қазақстанда жан түршігерлік оқиға болды! 27 жастағы жігіт өзінің анасы мен келіншегін пышақтап өлтірді. Ата-анасы, жары және кішкентай нәрестесімен бірге тұратын оның неліктен мұндай қадамға барғаны түсініксіз. Қанды оқиға туралы күнгейлік тілшіміз Бек Әбиев айтып береді. Әріптесіміз қазір бізбен тікелей байланыста. Сонымен, оқиға қашан және қай жерде болған?
Автор: Бек Әбиев
26.02.2018
Жантүршіктірерлік оқиға жұма күні Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында болған. Бір үйден екі өлік шығарылды. Мұнда 27 жастағы жігіт туған анасы мен келіншегіне пышақ салған. Шешесі 52-де болса, жарының жасы 22-де екен. Ет жақындарын өлтірген тұрғынды көрші-қолаңы тек жақсы жағынан білетінбіз деп таңғалып отыр. Бірақ, бейнекамераға ешқайсысы сөйлегісі жоқ.
- Түсінікті. Мүмкін, отбасында бір кикілжің болған шығар? Туыстары не дейді?
Туыстары да камераға айтқысы жоқ. Бірақ қарапайым ғана отбасы болатын дейді. Әкесі мен ұлы осы Шұбарсу ауылында электр маманы болып жұмыс істеп жүрген. Жақындарын жайратқан жігітті ішпейтін-шекпейтін еді деген туыстары оны сол күні полицейлер әкеткенін айтады. Ал оның артында 5 жарым айлық нәрестесі қалды. Қазір, бөбек нағашыларының қолында. Құзырлы органдар бұл оқиға бойынша әлі тіс жарған жоқ. Алайда, азғындыққа барған азамат жат діннің жетегінде кетуі мүмкін деген сыбыс бар. Ет жақындарын өлтіретіндей не күн туғанын ішкі істер органдары таяу күндері айтады деп үміттенеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!