Алматы облысында тұрғындар тасқыннан қорғану үшін өз ақшаларына құм төсеуге мәжбүр
Қызыл судан төнген қауіп. Алматы облысында соңғы екі күннен бері 200- ден астам үйді су басты. Тіпті судың қарқынына шыдамай, бірнеше үйдің қабырғалары құлаған. Төтенше жағдай қызметкерлері тиісті шараларды қолданып жатырмыз дегенмен, статистика сағат санап өсіп жатыр. Кейбір ауылдарда жергілікті атқамінерлерден қайыр болмағаннан кейін адамдар өз ақшаларына құм төсеп, тасқыннан қорғанып жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.02.2018
Көк шыққанға қуанатын шақта, ақпанның аяғы әлегіне салатын әдетіне қайта басты. Биыл да оңтүстіктегі ағайын қызыл судың астында қалып жатыр. Алматы маңайындағы ауылдар құдды кішігірім Венецияға айналғандай.
-Күн жылынып, қар ерігелі тұрғындардың мазасы кеткен. Қоныштан келер мынадай суда ауыл көшесінде резеңке етіксіз жүру мүлде мүмкін емес. Аққан су үйлерді басып, іргесін үгітіп жатыр. Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдіктен қайыр болмағаннан кейін өз ақшаларына мынадай құм төсеген. Бірақ, одан жағдай толықтай оңалған жоқ.
Етігімен су кешкен, ұйқысы қашқан Көкқайнардың халқы аяқ-асты тасқын басып кете ме деген алаңнан айырыла алмай жүр. Іргетастары мүжіліп, қабырғалары жарылған үйдің күйремесіне кім кепіл деп қапаланады.
Мейрамхан Нару, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
-Жоғары тұрған нәрселер төмен түскен. Осымен кетті су. Анаумен де кетті. Биыл ғана болып тұр. Тағы бір рет су келетін болса Құдай бетін аулақ қылсын құлайды деген сөз.
Көкқайнырлықтар үйіміз құлай ма деген қауіппен жүрсе, Өжет ықшам ауданында екі баспана ортасына опырылып түсті. Бір ақ күнде далада қалған отбасы енді қайда барарларын білмей дал.
Фарида Жүсіпова, Өжет ықшам ауданының тұрғыны:
-Жиырма жыл тұрып жатқан үйім, жиырма жыл бойы құламаған үйім биыл осы арықтың кесірінен құлады. Бала-шағаммен далада қалдым
Әкімдіктегілердің әдеттегідей жаттанды жауабы дайын. «Жағдай бақылауда, қолдан келгеннің бәрін істейміз» дегенмен шығарып салады. Ал, жылда шырылдап, осы мәселені көтерген тұрғындардың базынасынан ешқандай қорытынды шығармағандай.
Қайыржан Жақсымбетов, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:
-Ол жерге 450 -дей қап құммен бекітілді. Бәрі бақылауда..
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, соңғы екі күннен бері 200 ден астам үйді су басқан. Жағдайды реттеуге 60 техника жұмылдырылған. Тасқынның қарқыны қатты. Екі тәулік ішінде 407 мың текше метр су сорылғанмен, әзірге саябырсымай тұр.
Азамат Жұртбаев, Алматы облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
-Кей жерлерде арықтардың тазаланбауына байланысты үйлердің аулаларына су кіру фактілері тіркеліп отыр. Қазір Алматы облысы ТЖД мен жергілікті атқарушы орган каналдарды тереңдетіп, су кірген аулаларды тазарту жұмыстары атқарылып отыр.
Жылда еріген қардың зардабын көретін тұрғындар жергілікті әкімдіктердің жауапсыздығынан мезі болған. Дер уақытында дабыл қағылып, тасқынға тосқын қойылмаса, ертең кеш болуы мүмкін дейді...
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!