Өскеменде трамвай қозғалысы толығымен тоқтатылды
Энергетиктерге 70 миллион теңге қарыз болып қалғандықтан бұл көліктердің бағыты мен уақытының шектелгенін кеше айтқан едік. Алайда бүгін кәсіпорын мүлдем тоқтан ажыратылып, рельстер қаңырап қалды. Салдарынан діттеген жеріне жете алмаған жұрт жұмыстарына кешікті. Трамвай паркінің басшылығы болса, «кәсіпорынды муниципалдық меншікке өткізгісі келеді» деп жергілікті атқамінерлерді айыптап отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
27.02.2018
Мынау – Өскеменнің тек трамвай ғана қатынайтын ықшамаудандарының бірі. Жарты сағат бойы көлік күткен жұрт енді орталыққа жаяу-жалпылап келе жатыр. Трамвайлардың тоқтатылғаны туралы бірде-бір хабарландыру көрмедік дейді олар.
-Егер мына жерден трамвай жүрмесе, бізге ыңғайсыз үйге барып келуге. Автобустар мына көшеден жүрмейді.
70 миллион теңге қарызының кесірінен трамвайлардың бағыты мен жүретін уақытына шектеу қойылған еді. Жұрттың жұмысқа барып-келуіне ыңғайлы болсын деп энергетиктер желіні таңертеңгі сағат 10 мен кешкі беске дейін ғана тоқтан ажыратуға келіскен болатын. Алайда бүгін ешкімге ескертпеген олар тура сағат сегізде кәсіпорынды мүлдем тоқтан ажыратты. Трамвай паркінің жағдайын жақсы білетін қоғам белсенділері бұл үшін қалалық әкімдікті кінәлап отыр.
Роман Честных, қоғам белсендісі:
- Жергілікті билік трамвай паркіне өздері иелік еткісі келіп отыр. Олар өткен айда ғана бюджеттің 118 миллион теңгесін жұмсап, Алматыдан ескі 13 трамвай сатып әкеліп қойды. Трамвай паркі қазір жеке меншіктің қолында. Олар бюджеттің ақшасына жеке меншікке мүлік сатып әперетін ақымақ емес қой. Бұл – әкімдік паркке иелік етуге алдын ала дайындалды деген сөз.
Трамвай паркінің тек энергетиктерге ғана емес, салық сынды өзге де бюджеттік төлемдеріне қарызы шаш етектен екен. Парк басшылығы да өздерін әкімдіктің осылай тығырыққа тіреп, балансына алғысы келетініне сенімді.
Анатолий Успенский, Өскемен трамвай паркінің директоры:
-Бізге жергілікті билік мүлдем көмектеспейді. Қарыз мәселесін талай рет айттық. Тығырықтан шығар түрлі жол да ұсындық. Өткенде ғана қаладағы жолаушы тасымалдайтын өзге кәсіпорын да осындай жағдайға ұшырағанда, тіпті прокуратура араласып, олардың мәселесін шешіп берді. Ал бізге еш көмек жоқ.
Ал шенеуніктер трамвайды тартып алудан аулақпыз дейді. Мәселенің бәрін заң аясында шешетінін айтқан олар кешеден бері трамвай бағыттары бойынша автобустар жіберіп, парктің жағдайын одан сайын ушықтырған. Өйткені жұрттан ақша жиналмаса, кәсіпорынның өз қарызын қалай жабары белгісіз. Оның өзінде кейбір шеткері аудандарға автобустар жетпей қалған.
Ержан Коңырбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
- Қазір трамвай паркін бірден өз балансымызға ала алмаймыз. Алайда егер парктің жағдайы одан сайын ушықса, біз қол қусырып отыра алмаймыз. Жергілікті билік шахарда трамвай қазғалысының болуына мүдделі. Сондықтан заң аясында тиісті шара қолданамыз.
Тараптардың не мәмілеге келері әлі белгісіз. Оны паркте қызмет ететін 300-ге жуық адам да іштен тынып, күтіп отыр. Десек те, энергетикермен келіскен шенеуніктер оларды белгіленген уақытта ғана желіге тоқ беруге уақытша көндіріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!