Ақтауда шенеуніктердің салғырттығы жұртты шығынға батырды
Ақтау қаласындағы көпқатты екі үй тұрғындары қала әкімдігінде шу шығарды. Себебі қаңтар айында оларға жылу үшін 10 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі сома көрсетілген түбіртектер келіпті. Тұрғындар жылу құнының мұншама шарықтағанын түсінбей дал. Сөйтсе, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйді қабылдаған шенеуніктер осы уақытқа дейін жылу есептегіштерді іске қоспаған болып шықты.
Автор: Саят Сабдалы
27.02.2018
Ханбибі Ниязова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Біреуге 60 мың, екіншісіне 70 мың теңгеден келген, тіпті 100 мың теңге де бар. Бұл үйді қабылдап алғанда әкімдік келді. Бір- біріне сілтеп отыр.
Сөйтсе, жаңа үйді қабылдап алған қала билігі есептеуіш қондырғыларға қызмет көрсететін компания таба алмапты. Сондықтан жылу беретін мекеме мен тұрғындар арасында келісім-шарт жасалмаған. Коммуналдық мекеме алғашында тұрғындардан есептеуіштердің тәртібіне сәйкес 1 гигакалориясына 2000 теңгеден алып келіпті. Ақыры келісім-шарт жасалмаған соң, қызмет көрсетуші компания жылудың құрылғысыз есептелетін ережесі бойынша гигакалориясын 3600 теңгеден қойған. Жайбасарлық танытқан жергілікті билік енді жылу бағасын қайта есептеп, қыс бітуге таяғанда құрылғыларды жөндеп, іске қосамыз деп отыр.
Руслан Жүкенов, Ақтау қаладық тұрғын үй инспекциясының басшысы:
-Қазір бюджеттен жылу есептегіш құралдарға жетіспейтін саймандар алып, жөндеуге қаражат іздейміз. Сараптама барысында құрылғылардың жадында сақталған мұрағат алынады. Яғни осы айларда қанша жылудың қолданылғаны анықталады да, қайта есептеледі. Артық ақша төленгендер болса, қайтарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!