Алматыда гемофилияға шалдыққан науқастар дәрісіз қалды
Тендер бар, дәрі жоқ. Алматыда гемофилия дертіне шалдыққандар мемлекеттен тегін берілетін препараттардан қағылдық деп, тағы да шу көтерді. Олардың айтуынша, биыл жарияланатын тендер өткен жылдың ортасында өткізілуі тиіс екен. Бірақ, әр нәрсені сылтауратқан Денсаулық сақтау министрлігі жылдың басында ғана іске кіріскен. Оның өзінде қажетті дәрі-дәрмек науқастардың қолына тимепті.
Автор: Мақсат Мәлік
27.02.2018
Иә, тендердің әлегі мен зардабынан пұшаймен күйге түскен науқастардың айтар назы көп. Себебі, еліміздегі гемофилия дертімен сырқанатындар былтырдан бері денсаулық сақтау министрінің құрғақ уәдесінен шаршағандарын айтады.
Себебі, министр Біртанов, өткен желтоқсан айында мәселені түбегейлі шешіп, науқастарға қажетті дәрі-дәрімекті уақытында жеткіземіз деп сендірген болатын.
Алайда, жағдайымыз мүшкіл деп дабыл қаққандар, белгісіз себептермен тендердің қаңтар және ақпан айларында ғана жарияланғанын айтады. Бірақ, барлығы бірауыздан, әлі күнге дейін қолымызға ешқандай препарат тимеді деп отыр. Ал, дәрі-дәрмек науқастарға уақытылы жеткізілуі үшін, бұл тендер өткен жылдың ортасында жарияланауы керек екен.
Тамара Рыбалова, «Гемофилияға шалдыққан мүгедектер» қауымдастығының президенті:
-Олар тендерді екі кезеңмен жариялады. Алғашқы үш айды қамтыған бірінші кезең қаңтардың 8-і, ал, екінші кезең ақпанның 16-да өткізілді. Бірінші тендерде бағалар өте төмен көрсетілген. Плазматикалық препарат өндірушілер атымен жоқ. Ал, дәрі-дәрмек әлі күнге дейін бізге жетпеді.
Бұл науқастар дер кезінде дәрі қабылдамаса, тіпті өмірімен қош айтысуы да мүмкін. Ал, «Гемофилияға шалдыққан мүгедектер» қауымдастығының президенті Тамара Рыбалованың айтуынша, Ақмола облысының науқастарына, керекті дәрі-дәрмек жарты жылдан бері жеткізілмеген. Мұндай сорақы жағдай еліміздің барлық аймағына тән екен. Тіпті, құзырлы орыннан күдерін үзгендер, өз беттерінше әрекет етуге көшкен. Мәселен, кейбір науқастар өзіне қат болса да, артылған препараттарын қатты мұқтаж жандармен бөлісіп жатыр. Ал, мәселенің тігісін жатқызуға тырысқан «СК-формация» компаниясының өкілдері, жақын күндері жағдайды бақылауда ұстаймыз дегеннен, әріге аспады
Наталья Зеленская, «СК-Формация» компаниясының Алматыдағы өкілі:
-Жеткізу уақыты туралы айтсақ, қысқа мерзім ішінде біз 5 препаратты сатып алдық. Айдың соңына дейін «Иммунат» пен «Октанатты» жеткіземіз. Қазір өндіруші компаниялармен дәрі-дәрмектерді жеткізу уақытын жеделдету мәселесін талқылап жатырмыз.
Жаңа тендерге сәйкес, препараттар көлемі де қысқартылған. Демек, онсыз да көптен бері тегін дәрінің атын ұмытқан науқастар, тағы да тығырыққа тірелуі ғажап емес. Ал, ауадай қажет препараттарды сатып алуға, ешкімнің қалтасы көтермейді.Елімізде мыңнан астам гемофилия дертімен сырқаттанатындар бар десек, 2016-2017 жылдары гемофилияға 9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті. Осыдан-ақ науқастардың жанайқайы бекер еместігін аңғарамыз.Ал, науқастар қазіргі ахуалды осыдан 15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырып, қайтадан таз қалпымызға түстік деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!