Америкалық криминалистер Тәтішевтің қасақана өлтірілгенін айтты
Америкалық мамандар Ержан Тәтішевтің қаруынан оқ «абайсызда атылуы мүмкін» дегенді жоққа шығарды. Айтуларынша, 12 –інші калибрлі мылтықтың шүріппесі адам қолымен басылған. Бүгін Таразда белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге қатысты жүріп жатқан сот процесінде мұхит асып келген мамандар осындай мәлімдеме жасады.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.02.2018
Майкл Патрик Мерфи, криминалистік сарапшылар тобының жетекшісі: (АҚШ)
-Қарудың ақауы болмаған. Сондықтан шүріппенің өздігінен басылып кетуі мүмкін деген сөз ақылға қонымсыз. Себебі, Тәтішев өзінің қаруына өте мұқият қарап, оны мамандарға үнемі тексертіп тұрған екен. Сондықтан біз марқұмға оқ желке тұсынан әдейі атылған деген қорытынды шығардық. Ол шамамен 6 және 20 сантиметр арасындағы қашықтықтан атылған.
Бұған дейін қаруға қатысты отандық мамандар 4 мәрте сараптама жүргізген. Бірақ нәтижелері қарама-қайшы болған. Яғни екі сарапшы Тәтішевтің мылтығынан оқ әдейі атылған десе, екеуі керісінше қорытынды шығарған. Сондықтан марқұм банкирдің жақындары бұл іске соңғы нүкте қою үшін америкалық мамандарға жүгінуге мәжбүр болыпты. Шетелдік сарапшылар өткен жылдың қыркүйек айында іске кірісіп, алты айдан соң қорытындыларын жария етті. Айта кетейік, Таразда «Тұран Әлем Банкінің» бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Айыпталушы орындығында шыны королі Мұратхан Тоқмәди отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!