Тікелей эфир: Ақтөбе облысында тасқыннан тағы қауіп төнді
Дәл осындай су басу қаупі Ақтөбе облысына да төніп тұр. Бұл өңірде 43 ауылды су басуы мүмкін деп болжанып отыр. Ол елді мекендерде қазір 12 мыңнан астам халық тұрады. Құтқарушылар мен шенеуніктер тасқынның алдын алу үшін барын салып жатқандарын айтады. Әйтсе де, былтырғы жағдай тағы қайталана ма деген үрейлері де жоқ емес.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.02.2018
-Қайырлы күні, Жаңалық! Қандай аудандарға қауіп төніп тұр?
- Аймақтағы құтқарушылар мен шенеуніктер былтырғы жағдайдан сабақ алса керек, биыл тасқынның алдын алуға ерте қамданыпты. Өткен жылы үйлерді су басқанда ғана дабыл қағып еді, бұл жолы ескертуге көктем шықпай кіріскен.
Бүгін төтенше жағдай департаментіндегілері бар, су шаруашылығы мамандары мен синоптиктері бар бәрі жиналып баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Қыс бойы қардың аз жауғанына байланысты алғашқыда басу айтқанымен, 43 ауылды су басу қаупі барын жасырмады. Былтыр су астында қалған елді-мекендерге биыл да қауіп төніп тұр екен. Әсіресе, Қарғалы, Сазды өзендерінің бойындағы үйлерге. Қыста ылғал аз түскенімен, тоң жібісе осы өзендердің арнасы көтерілуі мүмкін.
Қайрат Қасым, Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы:
-Былтырғымен салыстырғанда қар бір жарым есе аз жауды. Бірақ бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Тоң әлі жібіген жоқ. Сондықтан ол ерісе су ағып, 43 елді мекенді басып қалуы мүмкін. Тұрғындарға алдын ала ескертіп жатырмыз.
Былтыр бір түн ішінде тасқынның кесірінен мыңдаған тұрғын өз үйлерінен безіп кеткен еді. Жүздеген шаңырақ тұруға жарамсыз болып қалды. Әкімдіктегілер ол баспаналардың бау-бақша ұжымдарында орналасқанын айтып шығынын өтемеді де. Десе де, өзен бойындағы ол елді мекендерді басқа жерге көшіреміз деп шешім шығарған. Бірақ әлі жарылқай қоймады. Оларға қауіпсіз аймақтан жер бөліп, үй салып бермекші. Алайда оны да тегін емес, несиеге береміз деп отыр.
Бекболат Нұрашев, Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы:
-Сол дайындалып тұрған участікке инженерлік-комуникация өткізуге қажетті жобалық-сметалық жобалар дайындалды. Үй салуға қажетті жобалар дайын. Қазір өзіміздің ұсынысымызды өкіметке бердік.
- Жаңалық, былтыр тасқын кезінде тұрғындар су қоймаларын бір күнде ашып жіберді деп шағымданған еді. Биыл сол су қоймаларынан қауіп жоқ па?
- «Қазсушар» мекемесінің мамандары биыл керісінше жайбарақат отыр. Биыл көктемде Ақтөбедегі су қоймаларынан өзендерге артық су жіберілмейді. Себебі қыс бойы қордың жартысы да толмаған. Сондықтан ондағылар тоң жібісе сол ылғалмен орнын толтырар едік деп отыр.
Бекзат Наметов, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры:
-Биыл біз екі ірі су қоймасынан ешқандай суды төмен ағызбай, соны жинап, өзімізде сақтаймыз деген болжамды айтайын деп отырмын. Олардың мөлшері өтен жылдағыға қарағанда 50 пайыздан төмен. 48,38,28 пайыз ғана.
Синоптиктер әзір Ақтөбеде күн жылынбайтынан айтады. Наурыздың ортасына дейін аяз сақталады. Қар жаумайды деп сендірді. Десе де сақтанғанның еш артығы жоқ деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!