{metadescription}
Астанада Исекешовтің есеп беру жиынына келген үлескерлер шатақ шығарды
Астанада Исекешовтің есеп беру жиынына келген үлескерлер шатақ шығарды

Астанада Исекешовтің есеп беру жиынына келген үлескерлер шатақ шығарды

Бүгін атышулы «Азбука жилья» компаниясының үлескерлері Астана әкімінің халыққа кездесуін болдырмай қоя жаздады. Дәл есеп беру жиынының  үстінде сөзді бөліп, айқайға басқан жұртты Әсет Исекешев әрең сабасына түсіріп, бөлек қабылдаймын деп зорға құтылды. Ал, оған дейін қала басшысы Елорданы түтіннен тазартып, газ тартудың қалай жүріп жатқанын айтып үлгерді. Әрі Исекешев тұрғын үйлердегі лифтілердің қауіпсіздігін қатаң бақылауға алмақшы.

Бұл Әсет Исекешевтің Астана әкімі ретінде халық алдында екінші рет есеп беруі. Оған жиналған тұрғындар тым көп. Көбі сыймай сыртта қалса, кейбірі орын таппай тұрып тұрды. Бірақ, қала басшысының астаналықтармен кездесуі басынан-ақ айғай шуға айналып кетті. Мәселен, залдың жоғарғы жағында плакат ұстаған мына үлескерлер, әкім орынбасары Хорошунның отставкаға кетуін талап етіп, Исекешевтен мәселесін шешуді сұрады.

Осылай жиынның шырқын бұзған  «Азбука жилья» компаниясының үлескерлеріне әкім аса мән бере қойған жоқ. Баяндамасын жалғастырған Исекешев  алдымен жетістіктерді жіпке тізіп, кейін бас қаланың түйіткілдеріне тоқталды. Ал, елордалықтарды әкімнің мұндай есебінен гөрі, бас пайдасы көбірек толғандырғандай. Қала басшысы сөзін аяқтағаны сол еді, сұрақ қарша борады. Биыл да көбі баспана мен жер сұрай келіпті. Тіпті, жеке басының қамын күйттегендер көп. Ал, мына қария балалары үшін әкімнен жұмыс сұрап жүр.

-Үш университет бітірген. Вашингтонда университет бітірген. 6 ай болды Астанада жұмыс таба алмай жүр.

ӘСЕТ ИСЕКЕШЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-Сіздің балаларыңыз маған келсін. Бізге сондай мықты оқығандар керек.

Бас пайдасы жайлы ғана емес, халықтың сөзін сөйлегендер де табылды. Мәселен кейбірі әкімге балабақша, ауруханалардың жетіспеушілі жайлы айтты. Әрі соңғы кездері Астана үйлеріндегі лифтілер жиі құлайды. Исекешов  мәселені де шешу үшін   тиісті заңға өзгеріс енгізбек. Өйткені лифт шаруашылығымен қолында лицензиясы, құрал-сайманы жоқ  компаниялар айналысып жүр. Ауадан ақша жасайтындарды әкім сабасысна түсіремін деп уәде берді.

ӘСЕТ ИСЕКЕШЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-700-ден астам лифт тексеріліп, заңды бұзғаны үшін 30 кск төрағасы жауапқа тартылды. Ал, «Грант Астана» үйінде орын алған жағдай бойынша, әкімдіктің араласуымен арнайы комиссия тексеру жүргізіліп жатыр. Нәтижесі шыққан соң, жауаптылар жазаға тартылады.

Бұдан соң, балкондағы ашулы үлескерлер сұрақ қоя алмай тағы шу шығарды. Тіпті, әкімнің мазасын алып жіберсе керек, Исекешев оларға кезектен тыс сауал қоюға мүмкіндік берді. Бірақ, бұл залда микрафонға таласқан өзге жұртқа жақпай қалды.

-Кроме «Азбуки жилья» кроме ни кого нет!

-Выгоните их нафиг отсюда!

Бірақ, Исекешев ешкімді қуған жоқ. Керісінше, сұрақ қоя алмай қалғандарды бөлек қабылдауға уәде беріп, кездесуді аяқтамақ болған еді. Жұрт  әкімнің бұл сөзіне сенбеді ме, әйтеуір алдын орап, жамырай өтініштерін айтып, ұзаққа дейін жібермеді.

-Не ори! Шашыңды жұлам!

-Осылайша Исекешевті күзетшілері қоршап, әрең алып шықты. Ал, жиында  жанжал шығарған үлескерлердің мәселесін әкім 1-2 жылда толық шешуге уәде етті. Айтуынша, сақалды  құрылысты аяқтау үшін ұлттық қордан 40 миллиард теңге бөлінген. Әрі қала басшысы Астананы қою түтіннен қалай тазартатынын айтып берді. Ол үшін Қызылордадан Жезқазған арқылы құбыр тартылып, табиғи газ жеткізілмек. Әзірге нақты мерзімдері белгісіз.Сондықтан тұрғындарға әзірше  көмір жағып, оның түтініне тұншығып отыруына тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде