{metadescription}
Алматы облысында сарбаздар су басқан аудандардан халықты көшіріп жатыр
Алматы облысында сарбаздар су басқан аудандардан халықты көшіріп жатыр

Алматы облысында сарбаздар су басқан аудандардан халықты көшіріп жатыр

Қызыл су айылын жимай тұр. Алматы облысында су басқан ауылдардың саны сағат санап артып барады. Облыста төтенше жағдай жарияланып, ұлттық гвардия қауіпті аймақтардағы тұрғындарды көшіріп жатыр. Жамбыл мен Талғар аудандарында әзірге жағдай тұрақталмай тұр. Ал, Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу ауылында бөгет жарылып, 20-дан астам үйді шайып кетті. Тұрғындар көмек болмағандықтан, өз күштерімен күресіп жатыр.

Еріген қар мен жауған жаңбыр елдің есін шығарды. Тасыған суға қарсы қарашаның қауқары жоқ. Іргесін үгітіп, ауласын басқан тасқынға тосқауыл таппағандар баспаналарын тастап, бастарын ала қашып жатыр. Тұздыбастау, Бесағаш, Қызылту, Панфилов ауылдарында жағдай ушығып тұр. Қарасай ауданында 80, Жамбыл ауданында 120 үйді су басқан. Қаскелең, Батан, Қырғауылды, Абай елдімекендері де тасқын ортасында қалды. Себебімен емес, салдарымен күресуге үйренген шенеуіктер ел дүрліккеннен кейін ғана судың бетін қайтаруға кірісті. Жағдайды тұрақтандыруға 250 адам мен 45 техника жұмылдырылған. Ал, Ішкі істер министрлігі тұрғындардың өзіне шүйлігіп отыр. Арықтарды дер уақытында тазаламағандықтан, осындай жағдайға тап болды дейді.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

-Дер уақытында барлық жерде арықты тазалау жұмыстары жүргізілмеген. Әкімдіктер де қарды уақытында шығарып отырмаған. Негізгі себептері осы. Сонымен қатар, жер жібіп үлгермегендіктен, еріген қар сіңе алмағасын осындай тасқынға ұласты.

Тасқынның алдын алу, бөгеттерді ретке келтіруге биыл қазынадан 8 млрд теңге қарастырылған. Бірақ, бөлінген ақша жетер жеріне жетпеді ме, жетсе де жөндеуге кетпеді ме кім білсін, сел сергелдеңге салып-ақ тұр. Мәселен Еңбекші қазақ ауданы, Тескенсу ауылында арна жарылып, ондаған үйді су басты.

Баршагүл Тоқташева, Тескенсу ауылының тұрғыны:

-  Су аққанда өзенге айналған. Біз байқамағанбыз ғой. Түнімен ешқандай көршілер ұйықтаған жоқ. Түнімен бір күректі алып ер азаматтар көзін ашты.

Бұл ауыл не трактор, не экскаваторға жарымай отыр. Жарылған арнаны өз күштерімен жамаған. Ауылға апарар жолдың бәрін су шайған. Бірақ, бірнеше сағаттан кейін бітелген бөгетті қайтадан су тесіп шықты. Ұлардай шулаған халықты тыныштандыруға келген Тескенсудың әкімі «жағдай бақылауда» деп жайбарақат жауап бергенмен, қас қарайғанда тасқынның қарқыны одан сайын күшейді.

Бауыржан Дұғалов, Тескенсу ауылының әкімі:

- Ауылдың азаматтары көмектесіп жатыр. Қазір ауыр техника күтіп отырмыз. Сол келсе бүгін бұзып кеткен жерді тоқтатамыз деп ойлаймын. Уақытысында шара қолдандық қой, а то бүкіл ауыл кетіп қалатын еді.

Су шайып кеткен 20-дан астам үйді әкім есепке де алмайтындай. Көмек көрсетудің орнына өзі тұрғындардың көмегіне жүгініп жүр. Облыстан техника келмесе, Тескенсу топан судың астында қалуы мүмкін.Ал, Бесағаш ауылында жарға жапсарлас орналасқан үйлерге қауіп лай көшкінінен келуі мүмкін. Облыстық селден қорғау мекемесі қатерлі аймақтағы тұрғындарға ескертпе парақтарын таратып жатыр. Бірақ, адамдардың өзі ол ескертпені құлақтарына ілмей отыр.

Айдос Сабырбаев, «Қазселденқорғау» ММ қызметкері:

-Халық дұрыс түсінбейді. Ескерту қағаздарыңыз керек емес деп кіргізбеуде.

Синоптиктер алдағы күндері Алматы облысында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғаққа ұласып, дауыл тұруы ықтимал деп болжады. Яғни, қызыл судың қауіпі күшеймесе, әзірге, сейілмейтін түрі бар. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде