Тікелей эфир: Атырау облысында құрылысшылардың жатақханасынан шыққан өртке не себеп болды?
Атырау облысында құрылыс алаңындағы жатақханада болған өрттен 6 адам қаза тауып, 4-еуі ауруханаға жеткізілген. Қайғылы оқиғаның жай-жапсары туралы айтып беру үшін қазір бізбен тікелей байланысқа аталған өңірдегі тілшіміз Жанар Низамутдинова қосылды.
Автор: Жанар Низамутдинова
02.03.2018
-Жанар, өрт нақты қай жерден, неден шыққан, бұл туралы тиісті орындар не деп жатыр?
Өрт Атырау қаласынан 40 шақырым жердегі жабық түрдегі «Қарабатан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Газ турбиналы электр станциясы салынып жатқан құрылыс алаңындағы жатақханадан шыққан. Жатақхана бір қабатты, 120 адамға арналған екен. Жалпы ауданы 480 шаршы метр болатын нысан түгел жанып кеткен. Ал, өрттің шығуына, осындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болыпты. Қызыл жалын 20 минутта сөндірілген. Оны ауыздықтауға 34 қызметкер мен 11 техника жұмылдырылыпты.
-Ал аман қалғандардың жағдайы қалай екен?
Өкінішке қарай, 6 адам сол жерде жан тапсырған. Олардың кім екендері қазір анықталып жатыр. Ал, 27, 28, 31, 37 жастағы 4 азамат Атырау облыстық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер олардың екеуіне көмек көрсеткеннен кейін үйлеріне жіберіпті. Біреуінің жағдайы орташа болса, енді бірі өлім аузында жатыр. Өзге мәліметті құтқарушылар мен дәрігерлер сәл кейінірек береміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!