Алматыда көшесін егеуқұйрық жайлаған тұрғындар кафе қожайынымен шайқасқа шықты
Қолқаны қабатын иіс. Қаптаған егеуқұйрық және ауланы жапқан көліктер. Алматыда дәмхана жұмысына шағымданған тұрғындар бас көтерді. Олар ас ішуге келген қонақтардың тұрғын үйлерінің маңайын ластап кетулерінен әбден шаршадық деп отыр. Тар көшені көліктерімен жауып тастағаны былай тұрсын, тұрғындарға сес көрсетеді екен. Соңғы жарты жылда бұл маңда үш баланы және бір қарияны көлік қаққан. Шыдамның да шегі бар деген халық кафе орналасқан көшені жауып тастады.
Автор: Асыл Махмет
05.03.2018
-Алатау ауданындағы Рысқұлов пен Ахременко көшелерінің қиылысындағы мына дәмхана екі жыл бұрын пайда болған . Содан бері тұрғындар күндіз күлкіден түнді ұйқыдан айырылыпты. 24 сағат жұмыс істейтін бұл жерге келетіндер көліктерін көше ортасына қойып халықтың жүріп тұруына кедергі келтіреді екен. Ашынған халық бүгін көшені жауып тастады.
Көше жабуға осы маңда тұратындар түгел жиналды. Дәмхананың қорлығы өткені соншалық кейбіреулері орындық әкеліп жолдың ортасына жайғасты. Бір де бір көлікті өткізбей тастады. Оқиға орнына жол сақшылары жетті. Олар барлық көлікті кері қайтарып қозғалысты мүлдем тоқтатып тастады. Алатаулықтар жұмыс күндері бұл жерден көлік тұрмақ, адам жүре алмайды дейді. Себебі арзан асқа қаланың түкпір-түкпіренен жиналатындар рұқсат етілмеген жерге машиналарын қалдырып, тар көшені бітеп тастайды екен.
Светлана Посайда, Алматы қаласының тұрғыны:
-Мына кафе пайда болғалы мазамыз кетті. Полиция келіп нөмірлерін шешіп жатса да қарамайды. Өздерінің тұрақтары жоқ. Сондықтан адамдар машиналарын кез-келген жерге қояды. Жедел жәрдем өте алмайды. Балаларды далаға жібермейміз. Қағып кетеді.
Соңғы жарты жылда Ахременко көшесінде үш баланы көлік қағып ауруханаға түскен. Жақында ғана тағы бір зейнеткерді асханаға келген машина соғыпты. Қария қайтыс болды.
Надежда Новикова, Алматы қаласының тұрғыны:
Ертең жерлейді менің көршімді. Басқа қандай дәлел керек сендерге. Бәрімізді қағып өлтірсін дейсіңдер ма? Құрту керек мына кафені мына жерден.
Ольга Бреземлер, Алматы қаласының тұрғыны:
-Асханадан шыққан адамдар үйіміздің жанына дәрет сындырып кетеді. Бірнәрсе айтуға қорқамыз. Жұдырық ала жүгіреді. Асханадан шығатын иіс қолқаны қабады. Тұншығасың. Егеуқұйрықтар да көбейіп кетті соңғы кезде.
Үрімші деген арзан асхананың ішіне біз де кіріп көрдік. Байбек айтпақшы бұл жерден 500 теңгеге тойып тамақ ішуге болады екен. Бірақ тазалық атаулы атымен жоқ. Қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық.
Үрімшінің басшылығы төбе көрсетпеді. Есесіне оған жапсарлас орналасқан екінші дәмхананың қожайыны шықты. Ол да тұрғындармен бірге тұрақ сұрап бармаған жері қалмапты. Ал жергілікті әкімшілік ешкімнің сөзіне құлақ аспай отыр. Дәмханаға келіп айына бір екі рет айыппұл салып кеткеннен арыға асар емес. Тіпті жексенбі күні шулаған халықты сабырға шақыруға да келмеді. Үш сағатқа жуық жолды жапқан тұрғындар ақыры тарқасып тынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!